Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  58


Автор: Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ

ЗИЯРАТ

Ай, кешегі жауынды...
Айғыз-айғыз езіп кетті тауымды.
Әулиені зияраттап қайттым мен,
Жарылқап бір құран оқып қауымды.
Сайрап жатыр...
Жайрап жатыр тас мола.
Тас молада жатыр білем жас бала...
«Мен байқамай тастап кеттім өмірді,
Сен асықпа» дейді маған. –
Тастама!..
Мынау батыр. –
Таңбасы бар қарудың,
Өлгенде де басына оңай бару мұң.
Алақандай анау қауыз – моласы
Ана болып үлгермеген арудың.
Бақи зары...
Жүрегімді езеді...
Кім-кімге де келер дүние кезегі.
Бай моласын ағал-жағал қылыпты
Ықтап кеткен көп жылқының тезегі...
Өмір осы...
Басы қара...
Соңы аппақ...
Өлім де хақ,
Өте алмайсың оны аттап.
Құйтақандай құс баласы шырлап тұр
Құлпытасқа тұнған суға қонақтап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу