Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  63


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

КҮЙІНІШ

- Жынбысың, кімсің әй сен, адамбысың,
Батырған сен ғанасың маған тісін.
Тал түсте қалдырғанша масқаралап
Қорламай, өлтіріп кеп, жаналғышым!
Үзіктің тілгіленген ала жібі
Қылғандай салбырайды таба мұны.
- Кім едің?! Өлтіріп кет! Өлтір мені!-
Булыққан күнгірт үйде Барақ үні.
- Қайтесің болмашыны сұрап менен,
Таңбамыз басында тұр, құлақта ен!-
Дауысты естігенде талды Барақ
Отырған есалаң боп шыдап әрең.
- Шотан!!!
Қос қолдап қалшылдады басын қысып,
(Кеткендей үй ішіне жасын түсіп).
Бәйбіше бүк түсіпті – шаш қырқылған
Бұрымы босағадан асып ұшып.
- Бүйткенше бауыздап кет, өлтір мені!
Жездеңнің біткен еді былтыр демі.
Келіпсің бір жылдан соң кек алмаққа
Бопайдың арын арлар төркіндері!
Өлтір мені!
Сұсынан үй теңселіп
Шотан Ердің
Түйілді түсі қашып қылыш-қабақ:
- Берер ем сазайынды дұрыстап-ақ,
(Қолымнан қылғындырсам кім ұстамақ?)
Тілегі апамыздың, және тағы
Шешімі талайлардың бұл іс, Барақ!
Еркекке бұдан артық өлім бар ма,
Былғанған жауызсың сен қолың қанға.
Кешегі Әбілқайыр ел ағасы
Қазақ деп соққан жүрек-сен тоқтаттың
Батады, ей, Барақ ит, соның жанға!
Қанша жыл... бақ ұшқалы бұл елімнен,
Саулығын Әр Қазақтың тіледім мен.
Бір ерді – сен өлтірдің – Бір Қазақты
Әттең-ай! Жауым болсаң сол найзаңды
Тап қазір қадар едім жүрегіңнен!
Сен менің жауым емес, қаным едің,
Қазақ деп ұран отын жағып едім.
Дұшпандар қызығатын болсақ нетті –
Сол іске қалай ғана барып едің?!
Жүрген ем мен өзіңді ірі көріп,
Сен енді қарабетсің – тірі өлік.
Онсыз да аз қазақтың дәл сол күні
Қалғанын сеземісің бірі кеміп?
Ханекем өле-өлгенше қазақ деді,
Кешегі қырғында емес,
Сүргінде емес
Ажалы қазағынан болғандығы
Барады маза бермей қажап мені!
Әрбірін хан көремін қазағымның
Сондықтан өлтірмеймін, Барақ, сені!
Жұмақ ел, қазыналы жер кең дейді,
Сырттан жау өлермендей өңмеңдейді.
О, Тәңір! Қайтсем екен, қайтсем екен
Іштен-ақ ірітетін сендейлерді!!!
...Құлазып сыңситындай сары дала,
Шайтансып қол бұлғайтын шаңы ғана.
Даламен мұңы да бір,
Сыры да бір
Шотан Ер тұрды жалғыз жаны жара.
Өткеннің бейуақта күңіреніп
Жатады құлағыма үні келіп.
Бұл күнде Шотан да жоқ,
Барақ та жоқ
Өлмейтін барақшылық сірі неғып?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу