Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  61


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

БОЗДАМА

Бота-сезім ноқталап ап санамды,
Бозінгендей жеттім аңсап Даламды.
Безбүйрек деп қала беттен безгенмін
Бұл маңайда дертке тағы кез келдім:
Бағзы күйі - түні -тылсым, таңы - бақ,
Бұл-бұл ұшып қалған далам қаңырап.
Берекетін жоғалтқандай Дүние,
(Болады әркез Киесізге жын Ие).
Базарынан баз кешкенін байтағым
Бетпақ сынды безер мұңнан байқадым.
Барқыт өлке қырмызыдай шұрайлы
Бүгіндері қуаң тартқан сыңайлы.
Балбыраған адыра қап маң қалып,
Байғұс дала құлазиды шаң қауып.
Бұлдыраған көз ұшында бозша қыр,
Бедірейіп бермейді ол да онша сыр.
Байыз таппас ұмытқандай ұятты
Бұлаңдаған сағым сайқал сияқты.
Болсын енді шайтандарға кім тыйым –
Билеп-төстеп төрт тарапты жүр құйын.
Бебеулеген дала желі зар сынды
Бетін жыртып құм қосыла шарпынды.
Боз даланың жарып шыққан құрсағын
Барымталап жел ұрлайды жусанын.
Бедеу бұлттың бедірейген жүзінен
Баяғыда-ақ үміт шіркін үзілген.
Бұйығы тым... мүжиді ме шегін құрт
Баурайында отары жоқ – жетім жұрт.
Бүк түскен күй бөтеке-құм ол да тұр
Белестерде бедері шөп жол жатыр.
Болмыстағы үйлесім жоқ – өртеп іш
Бүкіл маңай сазарады тоң-теріс.
Баябан сыр бесік еткен кеудесін
Байтағым – қор, айтам енді беу, несін!
Буырқанған талақ болып ән қалдың
Бейқұт жайға дәру таппай дағдардым.
Бейқам күйің қайда кеткен бұрынғы
Бейшараға кім түсірген құныңды?
Бауырыңнан безген екен думан күн
Бақытыңды бытыратып қуған кім?
Білмек болып ойран жайын сұрағам
Басу айтып жұбатады бір ағам:
Білем, жайсыз мына заман желдетті
Басын күйттеп қала жаққа ел кетті..!
Бақыр іздеп пақыры көп қаладан
Батпан құйрық кеттік неге даладан?
Бәз-баяғы думан бастан оздың-ау
Ботадай боп боздасам ба боз бұлау?
...Балапан ем жырақ ұшқан ұядан
Бүгін келіп, дала, сенен ұялам.
Биігіңнен кеткен ұшып ән салып
Борышым мен күнәм менің қаншалық?
Барар жердің адастырмас шырағы -
Бір түп жусан тұмарым боп жүр әлі.
Бабакүлдік, рухың жүр көшпеген,
Берік менде махаббат бар өшпеген!
Бой-бойымды құрсап алды өкініш
Бір-ақ рет айтайыншы өтініш:
Бақи жаққа бет бұрғызар қиын күн
Бесік-қабір тек өзіңнен бұйырсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу