Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  80


Автор: Гүлнар НАУЫРША

ЕРТЕ КӨКТЕМ ТАҢЫ

Жоғалып кетті шығармам,
Күні-түні сылаған.
Жалқау қыздың жүрісі,
Оны ешкімнен сұраман.
«Ерте көктем таңы» деп,
Қойып едім атауын.
Көшірейін соны деп,
Шешіп қойғам матауын.
Көбейтем деп жүргенде,
Машинка бір босамай.
Күйімді берсін күлгенге,
Жоғалттым мен осылай.
Бірақ бір-бір дәнесін,
(Қарасайшы, дәмесін!).
Алматыға жібергем,
Шығарады дегесін.
Жастықты бұл қойсайшы,
Жаңалыққа тойсайшы.
Күтіп жүрдім хабарын,
«Тек тезірек, болсайшы!».
Жылдар өтті жасқанып,
Күндер өтті бос талып.
Оқушы едім «Жалынды»,
Бас жағыма жастанып.
«Қаз.әдеби»-газетім,
Бөлекше еді ізетім.
Ақындардың өлеңін,
Ең бірінші сүзетін.
Екеуіне кезекпен,
Аттандырдым новелла,
Шыққан нәрсе өзектен,
«Көмектес!»,-деп о, Алла!»
Жауап ешбір алмадым,
Сезінерсіз қалғанын.
Кеткеннен соң туындым,
Келді бірде қуынғым.
Одан бері алайда,
«Тапсам шіркін, қалайда!».
Он бес, жиырма жыл өтті,
Түсті «ақ шаш» самайға.
Ойлап-ойлап қоямын,
Ойды қалай жоямын.
«Іштен шыққан сұр жылан!»,
Қайда екен деп баяғым.
Новеллама қараймын,
Беттеріңді санаймын.
Түгел емес сен тұрсың,
Түсінеді бұлай кім?!
Аз емес-ті шығармам,
Қырық беттен асатын,
«Ерте көктем!»-бұл арман,
Сені ғана құшатын.
Құшағыңнан айырылдым,
Қаламымнан майырылдым.
Шабыт шырқар кезеңде,
Секемденіп қайғырдым.
Біреулерге күлкілі,
Жүрегіңнің бүлкілі.
Өлең жазсам кей-кейде,
Отырамын бір түрлі.
Қараңдаршы, мырзалар,
Қараңдаршы, селт етіп.
Ақындарды жүрмеңдер,
Аяқ асты мерт етіп.
Құдайдан ол сұрай ма,
Құдайына құлай ма.
Ақындардың жүрегі,
Түсініксіз былайға.
Қараңдаршы, қарақтар,
Сөрелердің тартпасын.
Балғын қыздың тағы бір,
Шығармасы жатпасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу