Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  90


Автор: Гүлнар НАУЫРША

ҚЫЗДАРҒА

Томиристің сіңлілері сіз бен біз,
Томиристей жиһангерден қалған із.
Томиристей әрі сұлу батыр қыз,
Ұрпақтары ұсақталып жатырмыз.
Қазағымның даласында Аналар,
Би де болған білікті де саналар.
Қайсарлығы, батылдығы аңыз боп,
Көркіменен ақылын ел бағалар.
Сүйінбике, Бопай сұлу, Зерелер,
Артта қалған өсиетін біледі ел.
Сол аналар үлгі- өнеге қалдырған,
Сол әйелдер жүрек отын жандырған.
Бүгінгі ұрпақ есімдерін ардақтап,
Тарихына үңіле ме салмақтап.
Олар жыр ғой намысыңды қайраған,
Илхам батыр бес қаруын сайлаған.
Бүгінгі жас аңыз дей ме барлығын,
Тыным бермей мазалайды жанды мұң.
Бойжеткенді салыстырдым олармен,
Тұмар сұлу сен де келіп қарар ма ең.
Қыздарың жүр лыпасы бар үстінде,
Қарайды оған ессізің де естің де.
Қысқа көйлек омырауы ашылған,
Тән жарқырап күнде өтеді қасыңнан.
Бел мен кіндік одырайып жалаңаш,
Арқасында желмен дудар қолаң шаш.
Қолаң шашын қашан қазақ жайыпты,
(Қаза болса қаралы күн айыпты,
Сонда ғана қара шашын жіберген.
Салтым қайда келе жатқан көнеден).
Қара саннан қара көйлек киеді,
Әр күн сайын модаға бас иеді.
Жас денесін ашық-шашық ұстаған,
Аруларға арсыз көздер күледі.
Жап-жас сұлу сен ертеңгі анасың,
Қалың елің қазағыңа панасың.
Ұлт өрісі -өлшенеді әйелмен,
Ойлансаңшы, қайда кетіп барасың.
Ана деген дүниенің асылы,
Барлық әлем аналардың ғасыры.
Ұрпақ әкеп бұл өмірді жаңартар,
Ал сіз қыздар сол ананың нәсілі.
Бұрылыңдар, ұғыныңдар өмірді,
Ғұмыр деген сіздей жаспен көңілді.
Тағдырыңа қара қалқам, сын көзбен,
Жолдас етпей сәттік сезім жеңілді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу