Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  93


Автор: Айнахан Есетова

Отпан таудың бауырайында ой немесе қайрау

I
Соры басым болса дағы сұсы бар,
Мінезінде Адалдықтың күші бар.
Мың дүлейді жөнге салар әп-сәтте ,
Машайықтай мысы бар,
Баба сенің қасиетіңе кендемін!
Дауаң бар ма аласармас Арысым,
Бүгінгінің адамының халі үшін.
Айырбастап бас пайда мен айлаға,
Беріп жүрген ары менен намысын.
Тірі жан боп не тындырдым құдай-ау,
Қалың қазақ қамы үшін.
Безгек буып бордай үгіп бойымды,
Шер құрсауы шырмап матап зейінді.
Бебеулеген бөбек өлең жұбанбай,
Жүндей түтті, нәті жұмсақ тейімді.
Бабама ұқсар үлгі ісім осы деп,
Не айтып кетем ұрпағыма кейінгі.
Адам жаны әуес-ақ,
Сағыныш деп аталатын мұң сырға,
Мәнді мәнсіз ырымдар мен қисынға.
Өзіме - өзім келе алмай жүргенде,
Жеті қат көк мені қажет қылсын ба.
Жеті қат жер жебірлігін тисын ба,
Онсыздағы сүреңсіздеу сүлдерім,
Күні ертең-ақ айналмақшы қиқымға.
Күйкі тірлік, тыпыр қағып тұғырдай,
Өз бәсім мен тірлік құнын ұғынбай.
Жаны жасық жастық шақта дәрмен жоқ,
Күні өткен қара бақыр тиындай.
Жыр дегенім- жетім бота бозауық ,
Сорғалайды көзден жасы тиылмай.
Бұйдалап мұң , жетім бота жетекке,
Ерер мәнсіз кәрі үлек көшекке,
Ойсылқара танытпаса киесін ,
Нар күші не, есек не?
Бар мақсатын құрған құлқын есепке,
Біздің тірлік ауаны осы- есепте!
Көресіні көрсетеді күш күдік,
Босағадан жәутең-жәутең күтті үміт,
Судан таза, болғым келген сүттен-ақ,
Арман маған қараған жоқ пысқырып.
Көңіл көнбей талпынады ышқынып,
Мені мұнша күйреуік қып туғанша,
Жарты мысқал қисаң нетті мықтылық?
Қаптап келген қалың түмен жау түгіл,
Қайраным жоқ күйкі тірлік шеріне,
Жәдігөйлік еніп ет пен теріге,
Қорсындым-ау соны әбден сезіне.
Пәрмен күттім, жадыма бер зерлі ойды,
Жебемесең, ісім өрбіп өнбейді.
Жаралғасын жалғыз тамшы қаныңнан
Құрғыр жүрек қысастыққа көнбейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу