Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  98


Автор: Айнахан Есетова

Күй «Қос қалқа»

Үр жаңа үлде бүлдеден
Шымылдық шаршы құраған
Інжу менен жауһардан
Қапсырма белдік қынаған.
Қос етек көйлек қатарса,
Келісер кербез сәнменен
Қосарлап таққан қос алқа
Бәстелген мая нарменен.
Құлпы мен қымқап шабуын
Асыл зер әдіп қайтарған
Оқалап жібек жабуын
Наз бедеу мініп найқалған.
Сөзбенен емес сәнімді
Ырғама сазбен тербейсің
Дәуірлер көшті сағымды
Көнерген сайын өрлейсің .
Ғажайып нұсқа салтанат
Кетсе де керуен тоналып
Сақталып сазбен сан қабат
Желеді күй боп жол алып .
Күйші де қазақ төресі
Багоры бөлек бекзат күй
Өнердің өркен өресі
Сақталған мәңгі саңлақ сый.
Арманға ақ нұр кештіріп
Дәуірлеп дәурен шайқалсам
Бабамнан қалған тектілік
«Қос алқа» күйдей айта алсам .




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу