07.08.2022
  320


Автор: Өмірзақ Озғанбай

ҚОНАЙ БАТЫР

 


Ереуіл атқа ер салмай,


Егеулі найза қолға алмай


Еңку-еңку жер салмай,


Ерлердің ісі бітер ме?!
Махамбеттің толғауынан.


 


Топырағы қазақтың қанымен суарылған қасиетті Маңғыстау өңірі рухани қазыналарымыз бен тарихи жәдігерлеріміздің қайнар көзі десек қателеспейміз. Өйткені, қазақ халқының көне тарихынан сыр шертетін құнды ескерткіш мұраларымыздың 80 пайызы осы аймаққа шоғырланған. Елі мен жерін жаудан қорғаған батырлардың, хан-сұлтандардың, көреген көсемдер мен білгір шешендердің, қалың жұрты қастерлеп қадір тұтқан бойына қасиет қонған ірі пірадарлардың кесенелері осы 362 әулиенің мекені - Маңғыстау түбегінде. Өңірдің «Ашық аспан астындағы мұражай» аталуы осыдан болса керек.
Маңғыстау түбегінің бір ғана Сисем ата қорымының батыс беткейінде бағзы заманнан бері келе жатқан, қойнауына тарихтың небір сырларын бүккен отызға тарта кесенелер мен мазарлар орналасқан. Бұл кесенелерде Адай руынан тараған Төлеп батыр, әрі би, әрі батыр Сүйінқара, Қонай батыр сынды асылдардың мүрделері жатыр.
Міне, осынау елі мен жерін жаудан қорғау жолында арыстанша арпалысып өткен ерлердің бірі, әрі бірегейі – Қонай батыр. Ат жалын тартып мінгеннен кейінгі өзінің бар саналы ғұмырын ел қорғауға бағыштаған батыр 1731 жылы дүниеге келіп, 1805 жылы Сисем Ата қорымының батыс жағындағы ата қонысы Бесбұлақ деген жерде 74 жасында өз ажалынан қайтыс болады. Оның өмір сүрген кезеңі қалмақ шапқыншылығының өршіген тұсына дөп келеді. Осы кезде Қонай сынды батырлар ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елі мен жерін қорғап қалады.
Белгілі ғалым Әлкей Марғұлан айтқандай, батырлардың ерліктері жайлы сыр шертетін әрбір аңыздың астарында ақиқат шындықтың жататыны белгілі. Қалмақтар мал бағып жай жатқан қазақ халқының жұртына тұтқиылдан шабуыл жасап, берекесін қашыра берген соң, қазақтың Шолан, Итемген, Барақ, Атақозы,

Құлыбек және Қонай секілді батырлары қалмақ ханының ордасын бұзып, сарайын талқандап, басқыншы жауды туған елдің топырағынан қуып шығуға бел байлайды. Жоңғар қалмақтарына қарсы қол бастаған батырлардың ішінде Қонай батырдың орны бөлек. Ол бастаған қалың қол қай соғыста да болсын қалмақтарды ойсырата жеңіп отырған.
Міне, осындай ірі жорықтардың біріне аттанғалы тұрған Қонай батыр жауға шабар жалғыз атының бабы келмей тұрғанын байқайды. Қысылған батыр құрсанған жауға қарсы шапқанда қапы қалдырмайтын қазанат сұрап мінбек болып көңілі жақын досы – жаңай Қожаназар байға келеді. Халық құрметтеген батырды Қожаназар бай да сый-құрметпен қарсы алады. Батырдың бұйымтайын білгеннен кейін, байекең бас жылқышысы Есбердіні шақырып алып:
- Қонай батырдың тақымына шыдайтын, жорыққа мінуге жарайтын қазанат бар ма? – деп сұрайды. Жас күнінен қолынан құрық түспей жылқы малының қадір-қасиетін көкейіне тоқып өскен жылқышы:
- Түнде жайылып жүргенде құйрық-жалынан от жарқырап, мың- сан жылқының ішінде ерекше көрінетін қаражал көк айғыр бар. Қонай сынды батырдың тақымына бір шыдаса сол шыдар, - депті.
Жылқышының жауабына көңілі толған Қожаназар бай қара көк айғырды ерттетіп, Қонай батырды қолтығынан демеп мінгізеді. Аттанар сәтте Қонай батырлардың ежелгі дәстүрі бойынша: - Осы жорықтан Алла жолымызды оңғарып аман-есен олжалы оралсақ, бас сауғаны өзіңе ұсынармыз, - дейді.
Сонда Қожаназар:
- Арыңа дақ түсірмей, айбарыңды көлеңке шалмай жолың болып аман сау оралсаң, маған керегі сол. Алда-жалда қалмақтың бір сұлуын қиярсың, - деп базынасын білдіріпті.
Қаражал айғырға асыға мініп аттанса да батыр алдын-ала уәде байласқан жерге серіктерінен кешігіп жетеді. Тақымындағы қас тұлпары ойнақтап, көңілі тасып «қанды басын бері тарт» - деп, әлекедей жаланып, бес қаруын сайлап келе жатқан батырға қалмақ ханының қамалын бұза алмай сағы сынып келе жатқан Шолан, Итемген, Барақ батырлар қарсы жолығады. Қонайдың «қайта барайық», - дегеніне серіктері құлақ аспай, елді бетке алып кейін қайтып кетеді. Ат арқасына ер салып бекініп шыққаннан кейін қамал бұзбай кері қайтуды ар санаған Қонай батыр құрсанған жауға жалғыз

өзі аттанады. Бір Аллаға сыйынып, пір Бекеттің есімін ұрандап қамалға шапқан батыр үш қақпаны бірдей бұзып, ай десе аузы, күн десе көзі бар үш бірдей аруды ат артына мінгізіп алып қайтады.
Жорықта жолы болмаған батырлар елге жеткен соң, Бекетке келіп:
- Бізді қамалға шапқанда жебемедің, жалғыз Қонайға ғана қамқор болдың. Біз де қазақтың бетке ұстар батырлары емес пе едік. Оғыландарыңды бір-бірінен артық-кем көріп алалағаныңды түсіне алмадық, ата? – деп өкпе айтыпты. Сонда Бекет ата:
- Кімде-кім менің атымды ұранға қосса, мен соған көмекке келемін, - деген екен.
Қонай батыр қалмақ ханының сарайынан олжалап алып келген аруларды салт бойынша ата руларына бөліп береді.
Жоңғарларға қарсы жасалған сол жорықта ерекше ерлік көрсеткен батырлардан бітімі бөлек ең мықтысы, айбарлысы осы – Қонай батыр болатын. Сол жолғы жорықта ол қалмақтың талай батырын жер жастандырады. Жалғызбын деп жасымай, қалың қолға қаймықпай қарсы шапқан қазақ батырының ерлігіне қалмақ ханы риза болады. Сондықтан дала халықтарының заңына сай құрмет көрсетіп, өзінің қызын Қонай батырға қосқан екен. Ал өзіне қас тұлпарды сыйға тартқан Қожаназар байдың мәрттігіне риза болған батыр уәдесінде тұрып, жауға шабар тұлпардың өтеуі ретінде олжаға түскен арудың бірін Қожаназарға тарту етеді.
Міне, осындай ерен ерліктерімен танылған Қонай батыр туралы ел ішінде айтылып жүрген әңгімелер жетерлік. Барымызды бағалап, жоғалып кете жаздаған асылдарымызды түгендей бастаған тұста көптеген қаламгерлер мен көнекөз қарттардан естігені мен тоқығаны мол құйма құлақ азаматтар Қонай батырдың ерлік істерін дәріптеп жырға қосып, талай мақалалар жазды. Мәселен, С.Жанғабылұлы батыр ерлігін жырға қосса, Д.Саймағанбетұлы Қонайдың батырлығымен қоса өте қарапайым да қайырымды адам болғандығын жеріне жеткізе нанымды суреттейді. Ол әлсіздерге үнемі қамқорлық көрсетіп, жұртқа мейірімді болуымен өзге батырлардан ерекшеленіп көрінген. Әр істі ақыл таразысына салып барып істейтін көрегендігінің арқасында елге сыйлы болған. Еліне жайлы, дұшпандарына мейілінше қатал батырдың ерлік істерін Адайдың Мұңалы, Жаулыдан тарайтын Ескелді ұрпақтарының бірі Бегендіктің Сүгірі де тамаша жырлайды.
Ерегескен дұшпанға,

Жалғыз шауып ұмтылып, Жаудан жесір айырған.
Он бес жасар ер Шабай, Бұл Адайдың ішінде
Ер Қармыс пен Ер Қосай, Осылардың қайраты
Өшіккен жауды қайырған, - дейді ол өзінің жыр-дастанында батырлар ерлігін ерекше дәріптейді.
Ал, Ақтан Керейұлы Қонайдың ерлік істерін: Өрден шыққан батырлар,
Атақозы, Бердібек, Ерлік қылған белгілеп. Есен,Сүгір, Шабайды,
Шотан, Қармыс, Қонайды, Тұсында ешкім бұларды
Айтпаған екен кем-ді деп, - деп суреттейді.
Қонай батыр ел арасында «Қара Қонай» деген атпен белгілі болған екен. Кіші жүздің рулары Алатауды бетке алып қоныс өзгерткенде Қонай үнемі көш соңында тосқауылға қалып, жаудың бетін қайтарып отырған деседі. Сөйтіп, көшкен жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өз мойнына алған. Қонай батырдың Жайық бойындағы Сарайшық қаласын басып алу кезіндегі көзсіз ерліктері ел аузында асқақтата дәріптеледі. Оның бұл тұстағы ерлік істері тек адай жұртына ғана емес, бүкіл алты алашқа мәлім болып, абыройы асқаны көптеген тарихи жазба еңбектерде жан-жақты айтылады.
Сөз орайы келгенде, Қонай батырдың ұрпақтарының да ата, әке жолын қуып батырлық құрғанын айта кеткен орынды болар.
Батырдың ұрпақтары болып саналатын Сатыбалдының Аймұраты, Мұншардың Қонарбайы, Оңғардың Мұрыны, Өтеулінің Қазбегі, Құрманның Шегірі және Төкеш сынды батырлардың талай жаугершілік жорықтарға қатысып, елін, жерін жан аямай қорғағанын ерекше атап өткен жөн. Әсіресе, Қазбек пен Төкеш бала кездерінен асау тайды үйретіп мініп, қолына найза сынды ұшына темір қадалған таяқ ұстап шауып келе жатып жердегі қойдың құмалағын сол таяғының ұшымен шаншып алуға машықтанған екен. Қазбек құмалақты жармай сол күйінде шаншып алуға өте епті болыпты. Ал Төкеш те дәл осындай епті болғанмен, қолы ауырлау болғандықтан

найзаны қатты сермейді екен. Бір күні Өтеуліге Бәйбіше руының Тілеулі деген ақсақалы келіпті.
Сүйінқара менің сауып отырған бір үйір жылқымды айдап алып кетті. Ал оның соңынан қуып баратын бізде шама жоқ. Жылқыларымды қайтарып алуға екі балаң көмектессін деп қолқа салады.
Қазбек пен Төкеш таңертең ұйқыдан тұрса үйде бір ақсақал отыр екен. - Кәке, неге келдіңіз? - деп сұрайды олар.
Тілеулі ақсақал келген себебін айтады.
Екі бала әкесінен рұқсат алып Сүйінқараның ауылына бет алады. Сүйнқараның ауылына келіп желідегі жылқыларды босатып алып айдап жүре берсе керек. Ауыл адамдары Сүйінқараға келіп болған істі айтады.
- Бұл жақта маған қарсы келетін адам жоқ еді. Сірә, бұл Өтеулінің екі баласы болар. Жылқыны қумай-ақ қойыңдар, - дейді.
Намыстанған ауыл жігіттері Сүйінқараның сөзін тыңдамай он шқты адам болып Өтеулінің екі баласының соңынан қуып кетеді.
- Қуғыншыларды көрген Төкеш:
- Мен оларды бөгей тұрайын, сен жүре бер, - дейді Қазбекке.
- Жоқ, мен қалайын, өйткені сен найзаны ауыр сермейсің. Жазым қылмай жай ғана аударып кетейік, - дейді Қазбек. Сөйтіп, тосқауылға Қазбек қалады. Соңдарынан қуып жеткен Сүйінқараның баласы екі батырмен айқаса кетеді. Қазбек бірінші болып найза сермеген бетте-ақ, Сүйінқараның баласы аттан ауып түседі. Қазбек пен Төкеш жылқыларды айдап әкеліп, Тілеулінің қолына тапсырады. Ер екі сөйлемейді деген қағиданы берік ұстанған Сүйінқара жылқыларының соңынан қуып келмейді. Тілеулі өзінің Бәйбішеден тараған ағайындарына өкпелеп еліне бармай, Өтеулінің бір баласы болып қалып қояды. Арада он-он бес жыл өткенде Бәйбішеден тараған ағайындар Кенже руынан Тілеуліні қайтарып беруін талап етеді де, ел ақсақалдары ақылдаса келе оны еліне қайтаруға шешім қабылдайды. Сөйтіп, бұл оқиғаның соңы да тыныштықпен аяқталса керек. Міне, осы Қазбек, Төкеш, Шегір сынды батырлар елі мен жерін қорғап талай жорықтарға қатысады. Осындай жорықтардың бірінде Төкеш батыр қатты жарақаттанады. Жарасы өте ауыр болғандықтан жолда бір-екі күн аялдап жарасын емдеуге келіседі. Шегір батырдың емшілік қасиеті де болса керек. Шегір батыр әлдебір жұмыспен жолға шығып кеткенде Төкеш ағасы
Қазбектен су сұрайды.

- Бір жұтым су берші, қаным кеуіп барады, - дейді жалынып.
Қазбек інісіне су ішуге болмайтынын біле-тұра бір тостақан су береді. Міне, осы оқиғаның салдарынан Төкеш батыр аяқ астынан қайтыс болады. Өз өсиеті бойынша еліне әкеліп жерлеу қажет болғандықтан Қазбек Төкеш батырдың денесін құрым киізге орап сөреліге қояды да әбден кептіріп, арада межелі уақыт өткен соң, туған жеріне әкеліп әкесі Өтеулі мен атасы Бегеш жатқан қорымға жерлейді.
Шегір батыр жүректі, ақылды, тапқыр, қайратты еді дейді оны көрген көнекөз қарттар. Бегеш, Өтеулі, Төкеш сынды батырлар Қошқар Атаның шығыс терістігінен 25-30 шақырым жердегі үлкен төбенің басындағы қорымға жерленген екен.
Иә, толарсақтан саз кешіп жүріп елін, жерін сыртқы жаулардан қорғаған Қонай батырдың ұрпақтарының да ел үшін атқарған еңбегі жетерлік. Маңғыстау өңірінде аты аңызға айналған Қонайдың өз ажалынан дүниеден өткенін, қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғанын жоғарыда айтып өткен едік. Қонай батыр тірісінде ауылдың жау жақ беткейіндегі биік төбенің басына күндіз-түні қарауыл қойдырып, халқының тыныштығын күзеткен екен. Маңғыстау жеріндегі осы бір төбе «Қонай төбе» немесе «Қонайдың үйігі» деп аталады. Мәңгілік ұйқыға кеткен Қонай батыр қазір де сол төбенің басынан қарауыл қарап бүгінгі ұрпақтарының тыныштығын күзетіп жатқандай. Бабалардың ерлік ісі бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу