Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  87


Автор: Есенғали Бөкенбаев

АКАДЕМИК ЖАЗУШЫ СӘБИТ МҰҚАНОВҚА АРНАУ

Кітапты том-том етіп жазса-дағы,
Болаттай қалам ұшы мұқалмаған.
Тартысып тар кезеңде тап жауымен,
Ел мүддесін жері жоқ бұтарлаған.
Қазақтың маңдайалды қаламгері,
Қабағын «Қажыдым» деп, шыта алмаған.
«Сақылдаған өмірдің қыспағында»
Белдесіпғ «белсенділер» ұта алмаған.
Қаламын кең сілтеген атырапқа,
Сәбит емес өмірді тұтамдаған.
Көсемнің айтып кеткен уағыздары
Жүректен орын алып, сақталынған.
Сол кезде ақындарға көшбасшы боп,
Өмірдің өтті Сәбең шатқалынан.
Аяқтан ілмекші боп жармасқандар
Ілесе алмай, шаң жұтты қапталынан.
Проза, поэзия, пьесалары
Жауларға жалын атып атқарылған.
«Октябрь өткелдері», «Жұмбақ жалау»,


«Сөз – Советтік Армия», «Сұлушаштар».
Мәңгілік ел аузында жатталынған.
Есімі ел аузынан түспек емес,
Тұлпардай танбайтұғын шапқанынан.
Бостандыққа ұмтылған елі үшін
Майданның түскен өзі таласына.
«Сүйеніш етпесеңдер болмас, – деді, -
Адамзаттың Лениндей данасына».
«Лениннің әділ жолын ұста» деді
Еңбекші тап қазақтың баласына.
«Ұйқыдан қалың қазақ оян!» деді,
Жар салып Сарыарқаның даласына.
Жеткізді Октябрьдің қағидасын
Жұмысшы, шаруалардың санасына.
Адасқан асауларды дер кезінде
Орнықтырды, келтіріп сабасына.
Сабырлы, салиқалы сөздерімен
Сыймағанды сыйғызды қанасына.
Партияның туын ұстап, аман өтті
Қала алмай дұшпандардың табасына.
Арнасы кеңдігінен тасымаған,
Жауынан «жеңілем» деп, жасымаған.
Келгенде он жетіге Октябрьде,
Лениннің идеясы асыраған.
Нұр төгіп Қазақстан даласына,
Кремльден шұғыла шашыраған.
Ақындардың ағасы боп жасай бермек,
Қазақтың сөз зергері, асыл адам.
Көп оқып, көп ізденіп, болған ғалым,
Дүние танып, әлемді шалған ғалым.
Халқына, партияға қалтқысыз,
Бұлжытпай орындаған өмір заңын.
Адымы адуынды ақын Сәбит,
Халқымның баршасына жақын Сәбит.
Өзімен үзеңгілес болып жүрді
Әйгілі жазушылар Мұхтар, Ғабит.
Өзекті жан өлмекші кезіменен,
Тәні тозып, айрылса төзімінен.
Жүздеген жылдар бойы жасай бермек,
Ұрпақтарға қалдырған сөзіменен.
Тірісінде дәмдес боп, дидарластым
Даңқты Сәбекемнің өзіменен.
Өзі өлсе де Сәбекемнің сөзі қалды,
Артында мұрагер боп көзі қалды.
Ақынымның бейнесі төрімде тұр,
Айтқан өсиеті, сөзі қалды.
Қазағымның бақыты үшін жаралған,
Талай ақын өзіңізден нәр алған.
Арманың жоқ, ақын аға, мәңгілік,
Сөздеріңіз жер жүзіне таралған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу