Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  108


Автор: Айсырға Қилыбаева

ЕСКЕРТУ

«Басынан Қаратаудың көш келеді..»,
Сыңсыған қыздың даусы естіледі.
Аспанға үңілмейтін біздің ауыл
Қара бұлт үйірілгенін кеш біледі.
Дауылдан алдын-ала сақтанбаған,
Дауысқа елеңдейді «Аттандаған».
Ақталған ана сүті арқасында
Намысы ауылымның тапталмаған.
Қастерлеп ата-баба әруақты,
Құлатпау үшін биік шаңырақты;
Ерлердің өзі кетті құрбан болып,
Артында сақтап қалған жері жатты.
Қорғауға жаудан елін, жаттан жерін,
Басынған дұшпандардан алған кегін.
«Ұрпаққа мирас болып қалсыншы» деп,
Батырлар туған жерге басқан мөрін.
Сондықтан атамекен – тұғырымыз,
Жалғасқан сол ерлердің ғұмырымыз.
Ер Қосай, батыр Төлеп, Шотандардың
Тат баспай, қалып қойған сынығымыз.
Бекбаулы, Бекет ата – қандасымыз,
Көзіміз, тірліктегі айнасы – біз.
Арылып күпірліктен, тазарып кел,
Күнәһар топыраққа салмасын із.
Жат жерлік!
«Аңқау ел» деп, басынбаңыз,
Мәрттікпен қонақ сыйлап, шашылғанбыз.
Аңқаулау, әңгүдіктеу көрінгенмен,
Бастан сөз, төменшіктеп, асырмаймыз.
Сондықтан абайлап бас аяғыңды,
Тойымсыз аша бермей араныңды.
Оянса жер киесі шамырқанып,
Біліп қой жаңқа болып қаларыңды.
Жарып жеп Алла берген ырысымды,
Шығардың айбат шегіп, ұрысуды.
Кір сіңіп, мыж-мыж болған шалбарыңның
Бұл күнде өңі кіріп, қыры сынды.
Толықтыр орта болса кемісімді,
Бізге әкел өзің еккен жемісіңді.
Бір кезде менсінбеуші ең «құла дүз» деп,
Бұл жерге ата-анамның тері сіңді.
Пәтерші болып жүрме жалдамалы,
Қатарда азамат бол таңдамалы.
Жікке емес, жіліктерге бөлінейік,
Пейішке біздің өлке айналады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу