Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  148


Автор: Айсырға Қилыбаева

ТІЛ ТУРАЛЫ СӨЗ

«Демосфендей әйгілі гректердің шешені
Жас кезінде ұялшақ, ынжық болған» деседі.
Күнде барып теңізге, айқай салады екен ол,
Теңіз сонда күрмеулі шешен тілін шешеді.
Асқан ұлы ғұлама, шешендіктің үлгісі,
Тыңдаушысын ұйытқан адамзаттың үндісі;
Сөзден маржан теретін тілдің асқан шебері,
Заманында жоқ болған Демосфенге тең кісі.
Ойын сөзбен өрнектеу – бар адамның арманы,
Тілмен өрнек жасаған әр елдің бар саңлағы.
Ұлылардан қалған сөз – мақал, мәтел, нақылдар –
Ақыл-ойдың сүзілген бетіндегі қаймағы.
Көп алдында көсілтіп сөз айтатын көшелі,
Әр ауылдың өзінің бар биі мен шешені.
Тіл арқылы досты да, дұшпанды да табасың,
Бітіспеген дауды да бір ауыз сөз шешеді.
Өз тілімен Ғамзатов елді аузына қаратқан,
Жеті жұлдыз Шығысқа тілмен алтын жалатқан.
Адамзаттың айбыны, құдіреті – тілінде,
«Сөз өтеді сүйектен, ет ауырар таяқтан».
Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би,
Тілмарларын әспеттеу – түркілердің салты бұл.
Әл-Фараби, Тоныкөк, Күлтегіндей батырдан
Қалған жазба, нақыл мен пәлсапаның парқы мол.
«Аяз бенен Құмырсқа би болған» деп айтады,
Өлілерді тірілтіп, Қорқыт күйін тартады.
Жауласқанға құзырлы әділ үкім шығарып,
Дау шешетін би мен бек елдің болған қалқаны.
Желмаясын желдіртіп Асан абыз өтіпті,
Жүріп өткен жеріне таңба басып кетіпті.
Ой түбінде жатырған мінсіз жауһар сөздері
Асыл тастай жарқырап ұрпақтарға жетіпті.
Билік пенен шешендік уызына жарыған,
Абыздық пен жыраулық қанымызға дарыған.
Төле, Қазыбек, Әйтеке ғұламалар қазақта
Қамын ойлап халықтың, тілін отқа жаныған.
«Еділім» деп, еңіреп жылап кеткен Қазтуған,
Тайкелтір мен Ескелді – көкірегі саз тұнған.
Батырлар мен бектерді көп туса да анамыз,
Бөлтірік пен Сырымдай шешендерді аз туған.
«Хан – халықтың иесі, жер – халықтың киесі»
Деген екен Айтуар – Беріштердің білгіші.
Есентемір Бөкен би – ел бірлігін ойлаған,
Әділ қазы атанған етек-жеңі кең кісі.
Байзақ датқа, Саққұлақ, Шектідегі Есетім –
Қара қылды қақ жарып, бір-ақ рет кесетін.
Қаба би мен Жанқұтты, Тобықтыда Құнанбай
Ел ішінен дау шықса, билік айтып, шешетін.
Адайда би-шешен көп ұлыларын үлгі еткен,
Ақыл-ойы кемеңгер Шегем Көбен би өткен.
Абыройы асқақтап, өрнек жасап тілімен,
Даналық пен ділмарлық арқасында күнелткен.
Маңғыстауда жыраулық Сыпырадан басталған,
Тірі қалып сөздері, жай тауыпты маһшардан.
Толғаулары қағазға түспесе де, оқыдық
Тілден-тілге көшіріп қойған ескі дастаннан.
Абыл, Ақтан, Нұрымдар жырлап өткен бұл өңір,
Қашаған мен Сәттіғұл, Сүгір, Түмен – кілең дүр.
Асыл сөздің тұнығы бізге жеткен жәдігер –
Қасиетті, қастерлі өнеге мен өлең-жыр.
Жары Мәтжан Адайдың абыройын асырған,
Сөз маржанын бойына тұмар еткен жасынан.
Жауласқандар тату боп, құда болып тарасып,
Кетеді екен жарасып Сейіт бидің қасынан.
Естігенін ұмытпай жүрген көне көздер бар,
Ерменбет би – дария, тілі жорға, сөзге бай.
«Елу рет шайқасып, жау қолынан өлмеген
Төлеп Мәмбетниязы айтты» деген сөз де бар.
Доспанбет пен Сүйіндік, Тілеген мен Байболдар,
Беріш Құлжан, Есенғұл, Бектеміс Қосбай, Сауран бар.
Монша Шоңай Күшікбай, Бисен деген білгірлер,
Даңда Қожық, Құлыш би, тура айтатын Сам да бар..
Тай баласы Айтуған ақын-жырау атанған,
Өнер қуып жасынан, бұғанасы қатайған.
Тоқсан жеті жасаған қарт абыздан кезінде
Інілері Қожық пен Құлыш билер бата алған.
Кешегі өткен Алшекең, Құлшық пенен Нұрбаулы –
(Атасы Адай – Бәйімбет, Тобыш, Жары ұлдары),
Сөз мәйегі ұйыған жүріп өткен жолдары.
Жауынгерлер от кешіп, сыртқы жаумен алысса,
Бұлар болған елінің рухани қорғаны.
Кім білмейді Әбішті – көркем сөздің шебері?!
Жау қолынан мерт болған Кекілбайдың бөбегі.
Ақпар жинап, сан ғасыр қойнауларын ақтарып,
Қазақ атын әлемге асқақтатып келеді.
Бата беріп ұлы Абай, Мұхтар жапқан плащын,
Тереңдікті көрсеткен, Абыл жағып шырасын.
Заманының заңғары Әбіш сүйген қастерлі,
Абыл, Қасым, Мұхтар-тіл кеңге жайсын құлашын!
Қазақ тілі – қашаннан шешендіктің мектебі,
Біздің тілді сондықтан кім ұстайды шеткері?!
Ана тілі – қазақтың айбыны мен мұрасы
Бесік көрген ұрпақтар омырауын теппейді.
Дауды шешкен бітіспес тіл ұстасы – шешендер,
Шешен тілмен ел басын біріктірген көсемдер.
Сақта, ұланым, шешен сөз – аналардың әлдиін,
«Туған жерде қазақ боп қалып қоям» десеңдер!
Ынжық болма, қазағым, бізде теңіз, тау да бар,
Шешендік пен жыршылық әуел бастан қанда бар.
Жасып қалған жігерді қайрау керек дұрыстап,
Өткір пышақ бір кесер, өтпес пышақ майдалар.
Өз тіліңмен шырқай бер дәстүрлі ән, жырыңды,
Өз тіліңмен әлдиле қызың менен ұлыңды!
Өз тіліңді мүдіртіп, өзге тілді оздырсаң,
Кім көтерер биікке жасыл байрақ – туыңды?!
Оттан, құздан қорғайтын тіл – құзырлы төрешің,
Тіл арқылы қоғамға мүше болып келесің.
Төл тіліңде сауатты сөйлесуге дағдылан,
Баска халық «Сауатсыз, мәңгүрт халық» демесін.
Сондықтан да абай бол, тіл киесі тимесін,
Тіл – атыңды анықтап, Алла берген үлесің.
«Қазақпын» деп айта алмай, тілің тұрса мүдіріп,
Айтшы, кімге пенде боп, кім боп өмір сүресің?!
Теңізім бар менің де шағаласы шулайтын,
Толқындары айбынды, буырқанып, тулайтын.
Демосфенге ұқсап мен айқайласам...
Бірақ та
Теңіз емес, тобыр көп айқайымды тыңдайтын.
Қалғың келсе қазақ боп, төл тіліңді жоғалтпа,
Тіл маманын түлеткен айтпа қарғыс Одаққа.
Келер ғасыр кезекте.
Сұғанақтар түртіп жүр
Жерің менен тіліңді – байлығыңды тонатпа!
Тоналғандар ешқашан жете алмаған мұратқа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу