Өлеңдер ✍️

  28.07.2022
  66


Автор: Байбота Қошым-Ноғай

Бұрын, сірә, атып па еді мұндай таң

Бұрын, сірә, атып па еді мұндай таң,
бұла сезім бұзды менің ұйқымды.
Кеудемдегі қуанышты кімге айтам
қаламымнан басқа мынау сиқырлы?
Мұндай таңды бұрын көрген емеспін.
Тәтті ұйқыда жатырсың сен түс көріп,
бесіктегі бала сынды балбырап.
Алматыға тұр Алатау сұс беріп,
құс үніне елең ете қалды бақ.
Мұндай таңды бұрын көрген емеспін.
Сенің ұйқтап жатқаныңды аңғарып,
самал менің иығыма асылды.
Дидарыңа Шолпан жұлдыз таңданып
қарады да, жүзін дереу жасырды.
Мұндай таңды бұрын көрген емеспін.
Көкжиектен көрінген жоқ Күн әлі,
қандай нұрлы шүйке түткен шың мына:
пейіш, бәлкім, Һауа Анаға күнәлі
кешіріммен бетін бұрған сынды ма?!.
Мұндай таңды бұрын көрген емеспін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу