Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  76


Автор: Медет Дүйсенов

ШӨЛДЕГІ СЕКСЕУІЛ

Сексеуіл өсер шөлдегі,
Бой бермей аптап ағынға.
Өн бойы – мезгіл өрнегі,
Шомылған құмға, шағылға.
Жын-ойнақ салып, жел де есіп,
Құрсаған оны жауын, қар.
Долдана соғып, белдесіп,
Жыға алмай кеткен дауылдар.
Тұрады-ау, қашпай сабыры,
Дүрліксін мейлі дүниең.
Сіміріп суды тамыры,
Жеті қат жердің түбінен.
Тереңнен тауып миятты,
Ауырлықтарға шыдап бар.
Құлшынып тұрған сияқты,
Палуан білек-бұтақтар.
Әлсіздік оған дерт шығар,
Шымыр боп солай өседі.
Адамды кейбір морт сынар,
«Сексеуіл мінез» деседі.
Беріш боп қатқан безінде,
Жатыр-ау батпан қиындық.
Өрлік бар қандай өзінде,
Өткізбек тірлік, құйын ғып!
Жаныммен мұны сезінем,
Тағдырым менің тұр жерде...
Өтеміз өмір тезінен,
Сексеуіл сынды, біздер де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу