Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  103


Автор: Мейрамбай ҚИБАСОВ

ОТПАН ТАУҒА ОДА.

Жайғанда арай таңдар ақ қанатын,
Басыңа қонған құс та бақ табатын.
Ғасыр ұзап, өткенмен қанша мезгіл,
Келеді көнермей сол Отпан атың.
Арқау боп ақиқатқа, аңызға да,
Айтыласың. Әріден бар із ғана.
Кенеттен кереметтей тіл бітсе егер,
Шертер ме ең шежіреңді абыздана.
Отпаным, өзгелерден тым биігім,
Бөгеген тентек желдің құм-құйынын.
Пана боп төл жұртыңа қыс-қырауда,
Жасырдың ба солардан күн күйігін.
Отпаным, омырауың гүл...жарасымды-ай,
Сәт сайын сәнденіп-ақ барасың ба ей?
Қаратау-қарт жоталар болғанда, сен,
Оңаша отау тіккен баласындай.
Отпаным, жан-жағыңды жағалар мың..,
Өзіңдей келбеттіні таба алар кім.
Таңбалар жоныңдағы сүрлеуі ме,
Көміліп қалған бағзы бабалардың.
Қасиеттім, солардың көзін көрдің,
Төтеп берген дүлейге төзімді едің.
Тетистей алып мұхит суы шайды,
Сонда да ерімедің, езілмедің.
Өткеннің рухы жүр айналаңда,
Батыста да, шығыста...қайда барма.
Болмаса түсің де ерек, пішім бөлек,
Өзіңнен ақын жандар айнала ма?
Көсіліп мынау, міне, Тұран жатқан,
Көктемде құла түзді раң жапқан.
Маңғыстау-кеңістіктің кең бөлшегі,
Жау тигенде Отпаннан ұрандатқан.
Ұрандатып, алқызыл алау жаққан,
Келер деп күш-көмектер ан-ау жақтан.
Ордама ойран салмақ оңбағанға,
Сарбаздарым жүрегін алаулатқан.
Осылай қыр мен қырат, біріккенде ой,
Жасқанып жат жұрттықтар үріккен ғой.
Әулие-әмбиелер, тірілерден,
Сескеніп, тізгіндерін іріккен ғой.
Жандырып Атакүлдік талай бағын,
Атойлатқан арқырап адайларым.
Ерлікке елін сөйтіп сүйреген жер,
Отпанның түсінбессің қалай мәнін.
Көрсетіп жатқанда ол асқан қылық,
Тұрады екен алыста аспан күліп.
Әттең, шіркін, жетпейді-ау сөздік қорым,
Әйтпесе, жазар едім дастан қылып.
...Тәуелсіздік дейтұғын кезең келді,
/Құтылып құрсаулардан безем бе енді/
Қалың елім, қазағым, тоқсан бірден,
Дегдуге шықты-дағы , тез өңденді.
Жалғыз ұғым, кіл жақсыны жиып бердің,
Шалқыды шаттық жайлап сүйікті елім.
Кеңестіктер амалсыз аласартқан,
Сен жеттің де, Отпандай биіктедім.
Кеткен-ді еркіндікте есем менің,
Сен келмесең өркендеп өсер ме едім.
Көркейтіп көш-көлігін бастады алға,
Нұрсұлтандар, көреген көсемдерім.
Мәңгілік баурап бізді тұрар демің,
Енді қайтып бүк түсіп, сынар ма елім.
Адайымды әспеттеп, сен болмасаң,
Шырайланып шыңыңа шығар ма едім?
Үстіңнен талай қалқып қыран ұшқан,
Халқыңнан оқтын-оқтын жыр-ән ұшқан.
Жаңғыртып атауыңды жаңартуға,
Бүгінде ұлдарың жүр құрақ ұшқан.
Еңбегін де, елдігін еселеді,
/Аңғармаппыз, япыр-ау, кеше нені/
Ұлтының ұлылығын ұғындырар,
Орнатып жатыр олар кесенені.
Сезімім үдемелеп бара ма артып,
/Сондықтан бал шараптан алам артық/
Тарихи-мәдени кешен болып,
Жатырсың, айналайын, бағаң артып.
Жол салды жоғарыға, жарып қырды,
Түніңді, ей Отпаным, жарық қылды.
Көлеңке түскен болса көрікті іске,
Оны ілезде адамдық Ар ықтырды.
Төңірекке әппақ нұр тұнған-ды анық,
Қай халқың да сен жайлы сырдан қанық.
Ой түзейміз және де бой түзейміз,
Көріп тұрып түрленген тұлғаңды алып.
Қатпарыңа үңіліп, көп бойладым,
Ептеп барып етекке ат байладым.
Татулық пен достыққа шақырғандай,
Желбірейді көгіңде көк байрағым.
Алауыздық ,алалық айтпаң дауын,
Асқар белді аралап қайтқан, қауым.
Ұлттар үшін ұйысар ұйық болсын,
Маңғазым-Маңғыстауым, Отпан тауым!
Күнде той, қызық-думан...осы айналам,
/Кейде бір қуаныштан босайды адам/
Өрендерін өлкемнің Бекет пенен
Демегей күш-рухы Қосай бабам.
Сүймесең Отпаныңды жаза мықты,
Алыстасаң көңілің аза қыпты.
...Үйренейі Отпаннан оғыландар,
Мәрттікті, тұтастықты, тазалықты.
Той иесі бүгінде төр басы-біз,
Ақ ниетпен алаңды , кел, басыңыз.
Мереке құтты болар, неге десең,
Құптаған-ды о баста Елбасымыз.
Азатпын. Жасқанамын енді кімнен,
Күлкі естілер бойлық пен ендігімнен.
ТӨбесінен Отпанның айқай салам:
«Айыра көрме, Алла ,елдігімнен!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу