Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  66


Автор: Мейрамбай ҚИБАСОВ

Тұрмын тағы , Қошобам, төсіңде кең...

Тұрмын тағы , Қошобам, төсіңде кең,
Еркін жұтып ауасын, көсіл денем.
Қайда жүрсем көңілде туған жерім,
Қалған емес жырақта осы үн менен.
Алғаш осы жазира даламда кең,
Көз тігіп көкжиекке алаңдап ем.
Көкейімде бір тілек тұрды сонда,
Шырағың боп алаулап жанам деген.
Бойымда шешек атып жарқын қылық,
Осы жерде қияға талпынды үміт.
Өскенмін қызық қуып, жүрмесем де,
Өмірдің алға тосар шартын біліп.
Көп теріп қырларыңда көктем гүлін,
Есімде есерлікпен өткен күнім.
Анамдай мейіріміңді аямай-ақ,
Алтын күн аспанымнан төккен нұрын.
Келдім, міне, оралып далам асыл,
Баяғыша қойныңда салам асыр.
Менің саған айтарым сағынышым,
Қане, қандай болады балаңа сыр?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу