Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  70


Автор: Мейрамбай ҚИБАСОВ

ТУҒАН ЖЕР

./Қошобаға барғанда/
Сағыныш жайлы жүрек нелер ән сап,
Туған жер, дидарыңды келем аңсап.
Кетеді-ау осындайда көңіл шіркін,
Өрекпіп, бір тасыңды көре қалса-ақ.
Беу далам!Жатырмысың көсіліп кең,
Бұлағыңдай мөлдір қып өсіріп те ең.
Қанеки, алайыншы айнытпай-ақ,
Көркіңді көкірегіме көшіріп мен.
Жатқан анау жолменен қырға асылып,
Кетуге тұлпар-көңіл тұр ма асығып.
Аунайын көк беліңде көкке қарап,
Қалсыншы мауқым менің бір басылып.
Қадірін туған жердің жаңаша ұғып,
Бара ма асау жүрек аласұрып
Шығып ап өзім туған Майтөбеге,
Шырқасам ба алысқа ән асырып.
Сәл нәрсеге өкпелеп, асыға ойлап,
Кездер қайда жүретін асық ойнап.
Сағыныппын...үнімде діріл бар ғой,
Сеземісің сен оны асыл аймақ.
Ағат болар япыр-ау босағаным,
Аттап тұрып төріне Босағаның.
Сәлем саған, мекенім,қасиетті,
Сәлем саған,таулары ҚОШОБАНЫҢ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу