26.07.2022
  359


Автор: Сержан Шакрат

ҚАШАҒАН ӘЗІЛІ

Қашаған  бірде  Жаныштай  дегеннің  аулына  келіпті.  Ақын


«асығыспын, келесі бір ауылға жетуім керек» десе, түскен үйі бәпек болғансып, бопсалайды. «Үйбәй-ау, Қашеке, қонып кетіңіз» деп. Қашекең «жарайды, не асығыстық бар, ол ауылға ертең барармын» деп отыра кетеді. Сөйтсе, әлгі үй Қашағанға көбе де (қозы) соймай, қара ұннан нан пісіріп, жалаң шәй беріпті.


Осыны естіген біреулер Қашағанға: «Соған арнап өлең шығармайсың ба?» деп қоймаған. Сонда Қашаған: «Әй, неғылайын сәл нәрсеге өлең шығарып, бірақ ойыма мынадай бірдеңе келіп еді», - деп күлімсіреп, төгіп жіберіпті:



Алпыс үйлі Жаныштай
Қонаққа қон деп жабысты-ай.
Қонаққа қимай көбені,
Отқа нанды көмеді.
Қалыңдығы төрт елі,
Шет жақтарын өртеді.
Мен жемедім, қыз жеді,
Қыздардың іші бөртеді.
Түн ортасы болғанда
Көрпені қыздар серпеді.
Қара нан қандай қайратты,
Қыздардың ішін пайратты.
Қайратын оның сұрасаң,
Зеңбірек доптан айбатты.
Түнімен атты сығалап,
Жан сақтадым бұғалап.
Оқ-дәрісі көп екен,
Таусылмады сірәдә-ақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу