Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  190


Автор: Серікбай Бердияров

Әжептеуір жігіттер...

Әжептеуір жігіттер,
Сырт қарасаң,сүйкімді.
Жақындасаң жанына есептейді мүлкіңді.
Қоржындағы барыңа қол созуын қоймайды,
Ойыны ма,ойы ма келтіреді күлкіңді.
Сөз саптасын айтсайшы отырып ап жаныңда,
Баға беріп ағымға,байлау айтар танымға.
Шешен сөзі,шіркін-ай,қатар жетіп қауымға,
Көсем сөзі,шіркін-ай,сиысса екен нанымға!..
Кердең қағар кемелді іс бітіріп жүргендей,
Біліктілер сапында бірдеңені білгендей.
Өз мініне мән бермей өзгелерге жөн сілтер,
Желді күні аңызақ керегеңді түргендей.
Ілігіп тұр аузына Алматы мен Астана,
Қарай қалсаң түріне ұқсайды бір қасқаға.
Кез келмейді-ау бізге де керіліп бір сөйлейтін,
Өзгермейді-ау бәтшағар
Сөз бермейді-ау басқаға!
Әжептеуір жігіттер,
Сырт қарасаң,сыпайы,
Көзге ұрыншақ жылтырақ,бұйым дерсін қытайы.
Қойыңдаршы-ай,оттамай!
Қалқан құлақ қазаққа,
Көрінгеннің онсызда жетіп жатыр құқайы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу