Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  161


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ҚҰРДАСЫМ ҚАЙТЫС БОЛҒАНДА

Мен сені дос дегенде бір деп едім,
Үй салып саяжайда жүр деп едім.
Қамап ап бір бөлмеге өлең оқып,
Қатырып құлағыңа үрлеп едім.
Сен едің жанашырым, елдігім де,
Бір кітап зая болды-ау белдігімде.
Сен менің Нөкістегі елшім едің,
Бұл істі тапсырамын енді кімге?!.
Өмірде жігіт едің тасың басым,
Бұл күнде алпыс екі жасыңдасың.
Ағамыз Төлеген деп жүруші едің,
Енді сен Төлегеннің қасындасың...
Отырмын тереземді көктемге ашып,
Тығылдым оңашаға көптен қашып.
Төбемнен бір найзағай соға ма деп,
Келемін тақыр жерде еппен басып.
Сатып жүр балаларың товарыңды,
Білмеймін алмасымды,аларымды.
Үйтілген үйдегім деп қасқаларың,
Білдірді бір жылдан соң хабарыңды.
Мен тоздым сарғайып та,сарсылып та,
Қысады былғары етік таршылықта.
Ел-жұртқа сыр айтам деп шынымды айтып,
Бір күні жолығам ғой қарсылыққа...
Дәуірлеп мәңгібақи тұрмас ақын,
Ақынға да дос керек сырласатын.
Көтерген көкжелкеме Қаратауды,
Енді менің кімім бар ырғасатын?!.
Бүкшитіп иығымды тас келеді,
Жаңылсам көздеріме жас келеді.
Бұл күнде мен де ажалдан қорқып жүрмін,
Қашанғы Қалбай өлмей басқа өледі.
Бір мезет көзің қимай уақытыңды,
Жетем деп қуушы едің бақытыңды.
Балдардың бақыты үшін бір күн тынбай,
Жинаған қайда көмдің жақұтыңды.
Ұрысып-сөгісесің балаңменен,
Балаң жүр өзгелерге алаңменен.
Түгендеймін деп жүріп кемтігіңді,
Кетіпсің ол дүниеге шалаңменен.
Мен бүгін ойламаймын ұшқарылап,
Алпыс жыл қыштан тұрдым қышқа құлап.
Қазағымды кіргіздім Ақ сарайға,
Бұйырса егер содан тышқақ лақ.
Арманым арманындай Ескендірдің,
Жырыммен дұшпанымды сескендірдім.
Жайлы жат,топырағың торқа болып,
Бірге ойнап, бір ауылда өскен құрбым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу