Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  77


Автор: Қалбай Әбдіраманов

САҒЫНЫШ

Сенің әппақ жаныңды ұғатын да шығармын,
Армандаған өріме шығатын да шығармын.
Мынау байтақ әлемнен пәс тұтқанмен өзімді,
Ием десең мәңгілік иілмейтін шынармын.
Мен құлаймын мына күн күмбезінен құласа,
Мен шыдаймын тағдырға біреу егер шыдаса.
Асып айтқан сөз болса айып етпе,асыл дос,
Айтшы кімнің ауызы қисаймайды жыласа?!.
Мен де адаммын мұңданып,егілетін шығармын,
Мен төгілсем теңіз боп төгілетін шығармын?!.
Түйе баққан қазақтың туылып ем жұртында,
Кім біледі сол жерге көмілетін шығармын?!.
Арман қуып кей кезде,жүрдім алыс жақтарда,
Зар да болдым там-тұмдап жететұғын ақпарға.
Достарымды сағындым құлын-тайдай тебіскен,
Тос көтеріп біреулер өлең айтып жатқанда.
Қара таудың қасқиған құздарын да сағындым,
Туған жердің гүл түгіл,мұз-қарын да сағындым.
Аппақ ару,сөзіме ашулансаң қайтейін,
Ауылымның қап-қара қыздарын да сағындым...
Ойнап өскен ауылдың жігіттерін сағындым,
Жерге түскен мақтаның шиіттерін сағындым.
Жарда ойнаған даламның киіктерін сағындым,
Армандаған анамның үміттерін сағындым.
Сағындым ғой, сағындым, саядағы ақ бұлақ,
Сағындым ғой мен сені,саумал өзен,көк құрақ!
Сағынғаным соншалық еңіз- теңіз жыладым,
Алабаған артынан ел шетіне кеп құлап.
Қайдасыңдар ормандар,қарағайы сыңсыған,
Сүртетұғын кімің бар көз жасымды ыршыған?!.
Мен сендер деп жыладым,мен сендерді сағындым,
Жерін сүйсе бір негр, елін сүйсе бір сыған...
Құм шағылдар, көктеңдер,қына бітіп асқарға,
Қызғалдақтар, гүлдеңдер,қып-қызыл боп тастарға.
Жұлдыз көзін ашқанда,
Ай сәулесін шашқанда,
Қалыбайым тірі деп қол жайыңдар аспанға!..
Қандайлығын өгейдің түсін мейлі,түсінбе:
Жылай-жылай түсімде,дерт қалған жоқ ішімде.
Оқысаң да өзің біл,оқымасаң өзің біл,
Қазағымның ішінде,кінарат жоқ ісімде!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу