Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  219


Автор: Оңайгүл Тұржан

МҰРАЖАЙДА

Балбал болып қатып қалған тас-үмiт,
Тас екенiн тұрған да жоқ жасырып.
Мұражайда көне күннiң белгiсi,
өзi жайлы айта бастар асығып.
Айтады олар тозбағанын сертiнiң,
Тасқа жазып оқытады көн тiлiн.
Сағы сынып,
санын соғып тоқтаған,
Соғыс отыр зорға басып ентiгiн.
Жылнаманың бетi бейне күлгiн жер,
Күлгiн жерде кiмдер өмiр сүрдiңдер?
Садақ отыр атқан оғын таба алмай,
Қисық қылыш түзу жолда жүрдiм дер.
Жылнама боп iлбидi арман көзi мұң.
Естiртпейдi бiзге жылдар сөз-үнiң.
Телмiредi отызыншы жылдардан,
Аштан өлген төзiмiм.
Керуен күн, бiлiнбестен ақтың жай,
Бүл күндер де кетер ме екен таптырмай.
Қыз Жiбектiң ақ көйлегi тұр әне,
Қауырсыны ғана қалған аққудай.
Тарих болып сөйлер сыр да, сымбат та,
Мүңды қобыз қостайды оны ырғақта.
Ескiлiктен қашып шығам деуменен,
Сансыз ою сабылып жүр сырмақта.
Сабыласың,
Көп секiлдi армандар,
Кетем дейсiң шақырды деп ормандар.
Ойландырған жоқ па сенi ешқашан,
Отанына орала алмай қалғандар?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу