Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  121


Автор: Оңайгүл Тұржан

АУЫЛДЫ САҒЫНУ

Кіші Шетпе –
Біз барып қой тоғытқан,
Түбіңе қарап тұрып ой тоғытқам.
Сен де өзіңше теңіздей толқитынсың
Сенен су ішіп тұратын жайқалып маң.
Біз барып алма ұрлайтын бақша мынау,
Көмбесейші ол бақты, қасқа құм-ау!
Әнестей қарауылшық кеткеннен соң,
Бұл бақша да қартая бастады ма-ау?!
Ақсырға анам
Нан көмсе от басында,
Темір қалақ жалықпас шоқ тасуға.
Орысбайдың «КрАЗ» - ын ойыншық қылып,
Бала-шаға – ойнаушы ек қақпасында.
Кетті алыс балалыққа еретін күн,
«А»,
«Б»,
«С»
Деп класқа бөлетін күн.
Есепті Сәрсенбайға шығартып ап,
Ертеңіне «бес» алып келетін күн.
Сол күндер де кетті алыс келмесіне,
Өкпе жоқ тағдырыңның бермесіне.
Тек...
Сол бір момын шақты сағынмазы,
Білмейтін теңгесі не, өңгесі не.
Көңіл бүгін басылды тасып аққан,
Қара жерін жүр әлі асырап таң.
«Ағасы» жоқ есебін шығарып берер,
Тіршілік тұр «нарықтан» басы қатқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу