Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  93


Автор: Оңайгүл Тұржан

ТЕҢІЗ ӨЗІ ЕШКІМДІ ІЗДЕП КЕЛМЕЙДІ

Көше кеттi жарнамасы бұлғаңдай,
Одан өзге айтатұғын сыр қалмай.
Тұрақсыздық басып озған заманда,
Мән мен сән де ажырасып тынғандай.
Шабыт қашты өз бағасын бiлгендей,
Ана тiлiм, сен тұра тұр күрмелмей.
Айтқан ойым әрпiл-тәрпiл шығады,
Сөз iшiнде жабайы әрiп жүргендей.
Дабыл қағып, аттан салып бар санға,
Жақсылықты көбейт деп жар салсам ба?
Қаңбақтарға құмнан салмақ әперiп,
Құйындарды қолға үйретiп алсам ба?
«Күңiренбе!» деп
күлге де бiр ұрысайын,
Өлең оқып берейiн оған күн сайын.
Намыстары өлiп қалған жандарға,
Таулардағы биiктiктi жұмсайын.
Бұлақ, сiрә, өтiрiкке ермейдi,
Жалқаулықты шабыт қана тербейдi.
Өзiм барып келем тағы теңізге,
теңiз өзi ешкiмдi iздеп келмейдi.
Тау мен теңiз,
Тал,
ГүлДүйiм ел едiң,
Бас қосайық, әрлеп бiрлiк кемерiн.
Бiр түйiнге айналып ап қуатты,
Мән мен Сәндi қайта қоссақ деп едiм.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу