Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  77


Автор: Рахат Қосбармақ

МАЗА

Мен қартайып барам ба, қайтем осы?!
Меңсіз күрең мінген күн қалды алыста.
Анда-санда қылт етер Ай төбесі
Аспанынан жанымның Арман ұшқан.
Қуалайды құрымағыр бір ой-бірді,
Алтын уақыт өтеді аңсауменен.
Шаш шіркіннің көңіліне ұры ой кірді,
«Ақ түспенен ашына болсам» деген.
Жастығымды жау-уақыт ала қашып,
Байсал тартты баяғы бала ғашық.
Ұшып кеткім келеді ұшпа шыңнан,
Аспан жаққа ақ бумен араласып.
Кетсем бе екен, шынымен кетсем бе екен?!
Ақ бұлттардың арасын етсем мекен...
...Әй, құрысыншы!
Басқаның несі кетсін,
Қаласың ғой жаутаңдап тек сен, Көкем!..
Шашыратып миларын шартараптың,
Қанат жайса қанды іңір, қанталап Күн –
Дәтім жетпей, тұрамын батыл жетпей,
Жарқабақтың басында анталап мұң.
Кешір мені, ажалды сүйе алғандар,
Күші жетіп, Күн нұрын қия алғандар!..
«Қыздан жар қып бір сұлу сүймедім» деп,
Құздан қарғып өлгенде не арман бар?!
Қасиетсіз тірлікті баян көріп,
Қан жуған қос қанатты жаям келіп.
Түсіме еніп үнемі түн баласы,
Солар келіп жүреді аян беріп.
Зауал ауып, жантайса екінді Күн,
Құбылаға қараттым бетімді мың.
Соры қалың дүниеден қашан кетем,
Солар айтып кететін секілді бір...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу