Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  72


Автор: Рахат Қосбармақ

ӨЛУ

Салбөксе-ойдың арам қандарын ағызған,
Сана төзімі – сарытап, көнбіс сағыздан;
«Ғажайып нұрын шашам» деп келіп, шалдықты-ау
Ғарыштан келіп, ғаламға қонған ғазиз Жан...
Жан мұң шақты:
«Ұяты кетіп, жабағы жүндей ұйысты ел,
Жиіркендіріп жиілеп кеткен сүйістер;
Кеңсірігімді керіп бір, жара жаздады
Аңқыған арсыз, ылығу, лас иістер.
Әу баста менің әруағым үстем, қызғын-ды,
Әңгүдік тірлік мұңды жүректі мұз қылды.
Санасыз өңшең сағатпен өлшер уақытты
Сарыуайымның кілегейіне жүздірді.
Сансыз қылмысты санап жүр дейсің сатылап кім?!
Ар-көйлегін ағашқа ілді олар атыраптың.
Тұңғиығына тұншыға батып барамын
Түу түбінен қаңқа көрінген топырақтың»...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу