Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  79


Автор: Рахат Қосбармақ

Білмеймін –

Білмеймін –
Өкініш пе, аңсау ма не,
Бір сезім түсірді осы қанша әуреге.
Ақ қағаз, қара қалам, айналайын,
Жеткізші жан сырымды жан сәулеме.
Күтсем де күндей жүзін гүл-ертеңнің,
Күңіреніп, жүрегімнен жыр өртермін.
Мейлі ғой, менсіз де таң атар саған,
Мен бірақ осы жолы тірі өртендім.
Өлі мен тірінің тек ортасында
Сенсіз де бірдеңе қып күнелтермін.
«Махаббат» деген бейбақ сәби ғана
Қалады-ау жылап босқа күні ертең күн.
Аралап біраз арман айтақырын,
Алады жүрек сосын қайта тыным.
Кезінде маған айтқан сөздеріңді
Батады басқа жанға айтатының.

Талқандап жіберердей тас қамалды
Жанымда жабырқау күй басталар-ды.
Асылған мойыныма ақ білегің
Құдай-ай, құшақтайды-ау басқа адамды!
Құмар қып, құлақкесті құлынша ертіп,
«Басқаны бағындыру» күйін шертіп;
Жан көкем, жаутаңдайды-ау жанарларың,
Өзгеге ынтызарлық сырын шертіп.
Тұмантып тұла бойың, тұсалып ой,
Өзге қол омырауыңды қысады ғой.
Бәрінен,
Бәрінен де гүл-ерінің
Бал сыйлап, басқа жанды құшады ғой.
Қалайша сезіп бәрін, тірі жүремін,
Не деген ез боп туған былжыр едім?!
Ойласам осылардың бәрін, жаным,
Суынып кетеді ғой сұм жүрегім.
Өмірде жаза бастым, бос секеңдеп,
«Көңілге көктегіні көксетем» деп.
Басқаға бәрін сыйға берсең-дағы,
Жүрегің жалғыз мен деп соқса екен тек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу