Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  96


Автор: Рахат Қосбармақ

ЖАНАЗА

Қайран, гүлім!
Қандай едің сен кеше?!
«Сендік сезім өлмес, - деуші ем, - өлмесе».
Алда екен ғой Алла тосқан сан сынақ,
Тағдырымның тартқан сыйы ендеше!
Балшық түстес «бақ» дегенім сор болды,
Құдай тұтқан сезімдерім қор болды.
Осы болды оңбай таяқ жегенім,
Жеті жылда жеткен жерім сол болды.
Осы болды оқсатып бір күйгенім,
Құдай салды – құр сүлдерімді сүйредім.
Варварлықтың шабуылынан вандалдық
Рим құсап іргем құлап, күйредім.
Мен жеңілдім,
Жеңілдім мен,
Сен жеңдің,
Тегеурініңе шыдай алмай, тербелдім.
Тәрк етем де, қалдырамын тәнімді,
Алла өзі аманат қып берген күн.
Еңсемді езсін езгір ойым, ендеше,
Бейуақытта бездірейін, ендеше.
Қасиетін қара өлеңнің мен саған
Қара түнде сездірейін, ендеше!
Түнгі өлеңнің түртуінен шаршаған
Менен мәңгі демаласың, барша адам!
Жалғыз маса тыншытпады жанымды,
Сол маса боп ызыңдайын мен саған!
Жын-шайтанға арнап жазған жырымды
Жыртақайлар оқиды ертең жырынды.
Өз күркемде өлең жазған күндерім
Бұл-бұл ұшар болмай ертең-бүгінгі.
Жанарларым – жарты әлемді арбаған,
Үңірейіп неге біттің сен маған?!
Үшінші көз ашылмады, әттеген,
Қос үңгір тек – қол жетерді қармаған.
Алла!
Маған сана бердің неге сен?!
Жазылмайтын жара бердің неге сен?!
Жиырма бес жыл жиып-терген барымды
Жиырма күнде ала бердің неге сен?!
Қу тірлікте не қалдырдым артыма?!
Қандай пайда тигізе алдым халқыма?!
Қиянаттан басқа адамға не істедім,
Пақыр басым жетті ненің парқына?!
Жә, ендеше!
Бұл өмірде бос жүрмін,
Қателесіп, өзіме-өзім қас қылдым.
Періштеге дем салғызып, Тәңірім,
Пенделермен мені неге дос қылдың?!
Пайдамды айтса, пайымдамас пақырмын,
Қауызыма қақ тұрмайтын тақырмын.
Мекенімді көктен іздеп мен бүгін,
Қара жерге сыймай бара жатырмын.
Қайтем енді тағып саған бекер мін,
Менсіз де өзі бір басыңа жетер мұң.
Хақтағала қателесіп жасаған
Бір былықпай пенде болып өтермін.
Жаным менің!
Жау санама сен мені,
Сенің демің – сезім біткен мендегі.
Мен кеткеннен қисаймайды қылшығың,
Өлімтіктің сезілмейді өлгені.
Кемақылға, мейлі, кеткен-келгені,
Жаным ұшса – жарық дүние сөнгені.
Ана сүтім ауызыма татиды-ау,
Кең дүниенің көп болған соң кермегі.
Кірлеп кетті кінәз-сезім өрнегі,
Кіршіксіз гүл,
Кінәлама сен мені!
Жарты бетке жан сырымды қалдырдым,
Тоқта енді,
Дүниенің диірмені!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу