Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  183


Автор: Рахат Қосбармақ

БҰРЫМ

(Ұстазым Лұқпанова Гүлжанға)
Есімде әлі ескі күндердің елесі:
Кездер ғой кірмес құлаққа елдің кеңесі.
Албырт шақ еді – аяқтап он жыл оқуды,
Артыңда қалар балалық шақтың белесі.
Өмір-ай, шіркін, байқатпай, баяу жылжыған,
Әр таңдарыңнан көбіктей жеңіл мұңды ұғам...
...Физика пәні.
Класқа кірді жаңа ұстаз
Тірсекке соғып білектей бұрым жұп-жуан.
О, қандай бұрым!
Қамшы мынау өрілген?
Көргенім осы бұрымды төмен беліңнен.
Оңға да-солға, партаға соғып барады,
Ойнақтай шапқан ерке бұлақтай көрінген.
Қарады әйнектен күн сәулесі боп диқан-күз,
Дегендей: «Қане, аруды біз де сыйлармыз».
- Қара жылан, – деп күбір ете түсті қас керіп,
Сазарып жүзі шашын келте қып қиған қыз.
Қолында тұрса қозғар дүниені бар тетік,
Кетер-ақ еді күйкі тірлікті тәрк етіп;
- Сурет қой, – деді сұқтана қарап, – сурет қой! –
Қияли шәкірт жанары шоқтай жарқ етіп.
Тыйды да дереу езуден сайқымазағын,
Апайға қарай аударып барлық назарын;
Ұмтыла түсіп:
– Ұстап көрер ме еді, шіркін-ай! –
Қозғалақтап қалды ойыны келіп ожар ұл.
Арманы санап пешенесіне жат тұз-дәмді,
Бәлкім ол тіпті «қара қамшыны» қызғанды;
- Қыз болған, шіркін, жақсы еді, неткен! – желпініп,
Жеңілтек бала жерге қаратты қыздарды.
Әлі де ерте бөлініп пе еді еншім тым,
Боранды сәтте болаттай берік болсын кім –
Ойым да ойран, көңілім ала құйын боп,
Мылқау адамдай мылқиып қалдым мен шіркін.
Сезгендей ұстаз көзқарастардың астарын,
Әркім-ақ қолмен бір сипап өтті шаштарын.
Тосырқай қарап, тоң-торыс қалды топ бала,
Бұрымсыз қыздар бұқты да төмен бастарын.
Бұраңдап бұрым, сан кеуделерге құйып ән,
Сыр ұқты бәрі табиғаттың бұл сыйынан.
Апырмай, бүгін сабақ та қалды-ау жайына,
Тентектеу класс тым-тырыс, үнсіз ұйыған.
Сөйлеп тұр ұстаз – өресі биік, өр үнді,
Үні емес бірақ, «жылан» арбады көңілді.
Қап-қара бұрым киепеті күшті жылан боп,
Шашы келтені шағып жатқандай көрінді.
Көзі бар көкірек оянды – ойлар толды ізгі,
Келеке етіп күлгендей тіпті ол бізді.
Қап-қара бұрым – қасиетті салттың қамшысы
Осқылап жатты ойлары тайыз он қызды.
Масайраймыз-ау қалып жүрсек те мазаққа,
Арамыздан тым азайған дәстүр аз-ақ па?!
Білектей бұрым бір кезде бізге салт-тұғын,
Таңғажайып бір таңсықтай енді қазаққа.
От қып тұтатар жүректегі бар жарқылды,
Онсыз да анау Аралдар кеуіп, тартылды.
Ұмытшақ ұлтым,
Арманың бүгін ай болып,
Ертеңгі күні жат көрмегейсің салтыңды!
Ұққандар ұғар күңіренген бұл күйімді,
Қазағым, неге сылдырмақ қылдың сыйыңды?!
Азайған жалғыз бұрым ба?!
Біздің бүгінде
Қанымызда бар қасиетіміз сұйылды.
Қадірлі халқым!
Сор болып «сәннің» жалғасы,
Ата-бабаның әруағын үркітіп алмашы!
Өтінем, халқым!
Өз дәстүрің мен салтыңды
Кітаптан оқып, кіріптар болып қалмашы!
Ата-бабамыз қорғаған төгіп ақ қанын,
Дала дәстүрі – асқарым, биік мақтаным.
Ұрпақтарына ұялмай қарау үшін ел
Қатаң сақтауға міндетті дала салттарын!
(Ұлылық деген елеусізден де өнеді-ау,
Бұрымды ұстаз бойымды жырға бөледі-ау).
Ұлы даланы ұстап тұруымыз үшін де
Сол ұстаздардай ұлы тұлғалар керек-ау...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу