Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  95


Автор: Төлеген Жанғалиев

Кіндік

(Қалқаман Саринге)
Абай айтқан «сөз патшасын» кім тапқан?
Сөйлемді де өлең дейміз ұйқасқан.
Жалыны жоқ сазды әуенге құлақ жат,
Жаңғырық та шыға берер қу тастан!
Сөйлемесе, домбыра да қу тақтай,
Өлең тумас өмірменен ұйқаспай.
Жақсы жыр да жалт қаратар кісіні,
Жазды күні жауып кеткен бұршақтай.
Айналайын, Қалқаш інім, нар кеуде,
Жырдың исі, гүлдің исі бар сенде.
Әдемі бір әр де беріп жатасың,
Әуенімен жібек созған әр сөзге!
Әр сөзінде Шыңғыстаудың үні бар,
Тас жүректің өзі иіп, жылынар.
Сағынышын саған тастап кеткендей,
Сарыарқаны мекен еткен ұлылар.
Абай, Мұхтар, Шәкәрімдер шыққан жер,
Шыңғыстауды-Алаш жұрты «сырттан» дер.
Сырттан елге сырт қараған кейбіреу,
«Құр тақырда тұнған қандай» құт бар дер!
Осы сөзді Қалқаш інім, дәлелде,
Ақын болып тусаң егер, әуелде.
Тұтастырған Батыс пенен Шығысты,
Еуразия кіндігі жоқ әр елде!
Сөз байлығы-Батыс пенен Шығыстың,
Шыңғыстаудан шығатынын кім ұқсын.
Мұнайы жоқ болса дағы аста-төк,
Құдайы бар еліме сен уықсың!
Уық болу-ұлық болу деп ұқпа,
Атқа мінер толып жатыр халықта.
«Айттым сәлем Қаламқасқа» үн қосып,
Алты Алаштың аспанында қалықта!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу