Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  62


Автор: Төлеген Жанғалиев

Отырған қыз

Қай адамда болса да бар арман жүз,
Қайбіріне “қап” деп біз де қалғанбыз.
Күндіз – түні күрсінеді үйінде,
Жасы ұлғайып, отыз беске толған қыз.
Оған оғаш аралау да гүл бағын,
Қабағында қабарады мұң қалың.
Айнадағы ажарына қарап ап,
Жатқа айтады Фаризаның жырларын.
Ел қараса ежірейіп, ұнатпай,
Ел сияқты ерінін де қызартпай.
Отырады ол ойларына жаншылып,
Осы ойлар оны жүрген ұзатпай.
Осы ойлар алған оның тынымын,
Ұғар дейсің мұңсыздардан мұны кім?
Жерге қарап қалар келсе достары,
Жетектеп ап бірі қызын, бірі ұлын!
Отырған қыз табады деп орынын,
Көсемсіген көп бойдақтың соғуын.
Ол ойлайды өзі сүйген жігіттің,
Өмір – бойы тек бақытты болуын.
Аңдыса да үйдің сыртын сан “ғашық”
Алдырмайды ол ар ожданмен арбасып.
Отырған қыз – адалдықтың асқары,
Жататұғын ұшар басын қар басып…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу