Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  78


Автор: Төлеген Жанғалиев

Ақ дүние

Ылғал, ырыс сіңіріп, бағыма – нұр,
Қапалақтап қар жауды тағы да бір.
Жауған қарға жақтырмай түйіледі,
Анау бір жақсылыққа жарымағыр.
Аз болғандай дүние дүрбелеңі,
Ол сұмның да бір сұмдық іздегені.
Айуандық, жауыздық, жамандықты,
Адамдар жақтырмаудан үйренеді.
Бұлбұл көмей, бұла таң атпаса да,
Бұлақ бітіп өзен-көл ақпаса да.
Жердің бетін топан су толқыны ұрып,
Быт-шыт болып жатса да ақ босаға.
Қайғырары жоқ анау қара сұмның,
Соны ойлап өз-өзімнен аласұрдым.
Соған да біткеніне қорланамын,
Ақ сүтпен маған біткен ана тілдің.
Анасы тапқаннан соң қап-қара қып,
Ағарта алам ба, оны аққа малып.
Ақ пейілді адамдар мінезіндей,
Аппақ қарға отырдым көп қадалып.
Жау, қарым, жапалақтап жау тағы да,
Ылғал, ырыс сіңіріп алқабыма.
Уыс-уыс ақ күміс толтырып бер,
Қайыршының түнерген қалпағына.
Қайыршы да байқасын байлық барын,
Алланың бір уыстап алғыс – қарын.
Көмірдей боп көрінер көзге сонда,
Ақ дүние бетінен бар дұшпаным…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу