Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  100


Автор: Төлеген Жанғалиев

Балдан тәтті сүтінің мөлшері жоқ...

Балдан тәтті сүтінің мөлшері жоқ,
Қара-сиыр қазынаны емшегі көп.
Еріншектер ұялмай еркін еміп,
Тегін сорып жатады тентегі кеп.
Қора-қопсы тұрса да малға толып,
Жатыр оны кемпір де шал да сорып.
Қайыршыға не шара, қалтасы жоқ,
Тартқылайды емшекті ол да созып.
Бай манап та, бастық та бауырында,
Сырқаты да адамның сауы мұнда.
Қара сиыр қалайша су алмасын,
Қара жер де тұрмайды қалыбында.
Жаны ашымас жандарда жазық бар ма,
Жаны ашымай үйренген мал ұстауға.
Көтеремге айналған қара сиыр,
Көз алдымда ырсиып арықтауда.
Оған қазір «Аралдың» суы керек,
Уы емес «Семейдің» нуы керек.
Бәрі бөгет болғанның бәрі керек,
Бірі сүйіп жататын, бірі демеп!
Ашаршылық жылының жеп талқанын,
Адамдардың көтерген көп тарпаңын.
Қара сиыр – қазынаның емшегінен,
Қан ағып кете ме екен деп қорқамын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу