Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  85


Автор: Төлеген Жанғалиев

Елімнің ойлап ертеңін...

Қара құрт қаптап барады,
Қаңқұрттай кеулеп даланы.
Сар маса талап тастаған,
Сар далам еді жаралы.
Кейпейіл еді, кең еді,
Кеңдіктің бар ма берері.
Өлмейтін гүлдер солады,
Сөйлейтін құстар өледі.
Топырлап топан суындай,
Топырақ атып құйындай.
Жұтатып жұртты барады,
Жығасы тұрған жығылмай.
Шығайын деген көз анау,
Шындықты айтар сөз аз-ау,
Ағаға дұшпан іні көп,
Әкеге бүгін бала жау.
Тағы да несін тосады,
Тағылау заман Отаны.
Алдамшы тірлік бойыңды,
Албасты құсап басады!
Сергиін десем жәйім жоқ,
Селк ете түсер ойым көп.
Сұмдық-ай суық қарулар,
Сұмдарға қалды «ойын» боп.
Жықпақшы болып туымды,
«Жармақтар» бүгін тірілді.
Сәтбектей болар түрі жоқ,
Қазақтың ұлы бүгінгі.
Қарға – ойлар шоқып миымды,
Қасқыр боп пейіл ұлиды.
Көңілдің көзі шайқалып,
Өмірдің оты суиды.
Қарғайын десем – жалғызым,
Қарғамайын десем тағдырым!
Егемен деген еркемнің,
Ертеңі ертек дәл бүгін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу