Өлеңдер ✍️

  21.07.2022
  107


Автор: Баян Тіленшина

САҒЫНЫШҚА

Сағыныш-ай, сезімнен өрілдің бе?
Сағындырған сәулем боп көріндің бе?
Сәл көрмесем, сені іздеп алаңдаймын,
Маңдайыма арай боп берілдің бе?
Сәл көрмесем, сағынып алқынамын,
Бар денемді тершітіп салқын қаным.
Қандай ғана бойыңда сиқырың бар,
Қайда жүрсем өзіңе тартылатын?
Мен өткерген өмірде жаздаймысың?
Бал күнімнің елесін қозғаймысың?
Мен әжемнің өресін өсірген ем,
Сен де менен көш бойы озбаймысың!?
Байланғанмын селтиген тұлымыңнан,
Айналамын әр-қимыл, қылығыңнан!
Мен де сендей гүл едім үлбіреген,
Өзің мені «әже» деп ұлы қылған.
Сенің биің, әніңмен өтті тойым,
Жүрегімнің тұсына жетті бойың.
Кеше жүр ек «Гук! Пш!» деп паровоз боп,
Төрт амал мен бүгінде септік ойын.
Сыбырлаушы ең аузыма сырыңды айтып,
Сол аңғалдық бүгінде болды ғайып.
Өсіре алмай өзіңді жүргенімде,
Кетіппін-ау, өзім де көп ұлғайып.
Аппақ болды шаштарым бояусызда,
Ағарған-ау, сірә да, қаяу, сызға.
Кәрі болып кім бұрын көрген дейсің,
Өмір-күрес толған-ау аяусызға.
Жыртқыш аңдар елікті аямайды,
Тоңған торғай бұтақты саялайды.
Қырандардың ұясы қиыр құзда,
Бермес тағдыр ешкімге жәй, оңайды.
Қараңғы түн артынан таң атпай ма?
Сен келмесең өмірге, қанат қайда!
Дәулет, Мерей, Бейбарыс төртеуіңнің,
Санатыңмен мені өмір сараптай ма?
Бірің Күнсің, біріңнен табам Айды,
Төмендеме, тағдырым табалайды!
Мен сендерді өсіріп, биіктермін,
Өмір мені қай санмен бағалайды?
Мол руханият көрсем-ау күздігімнен,
Көңілім қанат тапса-шы үздігіңнен.
Төбе бидің ұрпағы – Тіленшиндер,
Шабыс беріп, тартса-шы тізгініңнен.
Өмір дастан беттерін парақтасам,
Ұлым-- өрім өрнегін сараптасам,
Сара жолға салтанат көшін баста,
Тау шыңына ұя сал қанаттансаң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу