21.07.2022
  195


Автор: Баян Тіленшина

ҚОШТАСУ

 


Көрмесем ұмытам-ау? Ұмытайын, Ақын мен түнде уілдер үкі дәйім, Сезімі аққулардың біріккеннен, Сыңарсыз өледі екен жұбы дәйім. Адамның көбінде жоқ аққу-жүрек, Бөлініп, сол сезімді суытайын.


 


 


Бұлар күнде екеу ғанасы серуендеп, ешқашан да жасамаған қыдырысты әдетке айналдырды. Мәдиді қайдам, Айдын бақытты бал дәуренін шығарып салып, еркелігін естелікке айналдырғандай,бір күнде есейіп кетті. Ал, Мәдиге ол бойжеткендік боп көрініп, оған деген сезімі алаулай түсті.


 


 


...Күндер айларды ығыстырып, ағып жатты. Ғабит бөлмеге келді.


 


-Қыздар, Жетісай театрының концерті келіпті филармонияға, есіттіңдер ме?


-Жоқ.


-Біздің бөлменің жігіттеріне Раушан билет алыпты. Мәди «бармаймын» деп... Тұрды «біз барамыз» деп, екеуі жаға ұстасып, сөзге келіп қалды.


-Сен ше? –деді Ғайша,- біз көрмейміз бе?


-Қайдам...барғың келсе, билет бар ғой енді. Тегін... Айдын үндемеді, ол кітаптарымен оқу залына кетті.


...Аздан соң оқу залына Мәди келді.


-Концертке барамыз ба?-деді.


-К-кіммен?!- деді Айдын.


-Екеуміз.


Қыз басын изеді. Мәди мұның шашынан иіскеп, шығып кетті. «Осылай –қырсықпай көне салғаның үшін рахмет. Сен шынында да есейдің, Айдыным!»


 


 


...Филармонияның кірер есігі алдында кісі толы, солардың   арасынан   Тұрды,    Ғабит,    Ғайшамен    бір шеңберде   дөңгелек   жүзді   бейтаныс   қыз   Мәди   мен Айдын екеуіне қарап қалды. «Раушан осы болар» деп шамалады Айдын. Жаңабек пен Коля, Жігер келмепті. Мәдилер    Раушанның    тобынан   4-5   қатар    алда отырды. Сол жағында отырған Мәдидің алақанындағы


қыз қолы ток көзіне жалғанғандай, бойына қуат алды.


 


Сахнада «Қимаймын» әні шырқалды. Әннің сазы да, сөзі де Айдынның қазіргі сезімімен жалғасып, үйлесіп жатқандай еді.


Ұясына батқан күнді қимаймын,


Ерте солып жатқан гүлді қимаймын, Бәрінен де, бәрінен де, жан достар,


Өздеріңмен бірге өткен күнді қимаймын.- деп, Айдынның өз кеудесінен айтылғандай-ды.


«Еңкілдемей, тал-шашым желкілдемей» демекші, Айдын қыз егіліп, езіліп үнсіз жылады. Мәди бет орамалымен оның жасын сорғытты.


-Жыламашы, көзің ісіп кететін болды ғой,-деп сыбырлады, мұның нәзік саусақтарын сипалап жұбатты.


 


 


...Күндер  ағып  жатты.Ғайшаға  келген  Ғабит:


«Раушан келді. Ұшық шыққан екен, Мәди жиіркеніп қарамай жүр ғой» деп күлді. Раушан туралы Мәдиден естіген соно-оу түннен бері неше айлар өтсе де, Айдын кеудесіндегі зілдей ауырлық айыққан емес. Сол сәттен бастап дұрыс пен бұрысты, шын мен өтірікті нақтылай алмайтын сияқты. Бұл параллель - жансыз дүниеде жүргендей, көзі көргеніне, құлағы естігеніне күмәнданатын.


...Студенттердің мектеп практикасындағы қоштасу кешінен соң, Мәди Раушаннан кешірім сұраған. Өзінің таңдаған  қызы  барын,  басқаны  сүйе  алмайтынын


 


айтқан. Бірақ...Тұрдыны қыдыруға шақыратын ондаған қыздар сияқты Раушан да бұл бөлмеге Мәдиді іздеп келуді жиілетті. Мәди де Тұрдының «сара жолына» қалай аяқ басқанын өзі де аңдамай қалды.


Адам табиғаты қызық екен-ау. Айдын өзіне


беймәлім Раушанның тіршілік тынысын ешкімнен сұрамайтын. Бірақ, Ғабит айтқанда, іштей тағы да білуге құштарланатын. Айдын гүлдей солды.


Жанының нәрі, шуағы –Мәдиімен бірге қолұстасып жүруін Айдын фәни жалғандағы бойжазуы сезініп, әр сәтін бағалады. Оның әр қимылын, әр сөзін есінде


қалдыруға тырысты. «Менің жаным өзіңмен бірге


кетіп барады, Мәди. Мен тірі–өлікке айналдым, Мәди». Ішкі дүниесі Мәдимен қоштасып жүрді.


Мамыр айы жетті. «Айко, Мәди бүгін сені алып


қашады. Жатақхананың бұрышында мәшине күтеді» деді Ғабит.Айдынның жүрегі тулай соғып, Гүлнәрға айтты. «Дұрыс, өз сүйгеніңе бара бер. Ол қыз сенен тартып алса, жігітіңнің соңынан жүгірсе, бола береді. Ал, саған ше? Саған неге болмасын? Мәди сені сүйеді оны емес» деді.


Мәди әдеттегідей қыдыруға шақыра келгенде, Айдын ашық сөйлесті. Оның сол Раушанға үйленуі парыз екенін, бүгінгі «Алып қашу» жоспарын білетінін де айтты. Осылай, Мәдимен шаңырақ көтеруіне өзі тосқауыл қойды.


 


...Көрінісі тәп-тәтті, ал ішкі сыры қоштасуға негізделген күндер ағып жатты. Институт аяқталуға жақын. Дәліз терезесінде Айдынмен тұрған Ғабит сыртқа көз салды да:


-Ә-ә, мыналар келіп те қалды. Бағана Мәдидің жездесіне Раушан туралы ақылдасуға кетіп еді,-деді.


Айдын Мәди мен Тұрдыны көрді. «Нүкте қойылар сәт жеткені –осы. Мықты бол, Жүрегім!» деді өзіне. Бұл еріксіз толқып келген көз жасын ешкімге көрсетпеуі керегін білді. Ғабиттің де алдында аласарғысы келмеді.


 


 


Жаным кетіп барады өзіңменен,


Бар- жоқтығы денемде сезілмеген. Жыламашы жанарым, жыламашы,


Топырақ толмай, кетпеші өзің менен,- деді іштей.


 


 


-Ғабеке, мені таксимен ауылға апарып саласыз ба?


Бір шаруа бар еді,-деп жымиды Айдын.


 


 


***


 


 


Үйіне жеткен Айдын бұл дүниеден баз кешіп, төсек тартты. Қасында Бәтес пен Саида кезектесіп күзетте отырды. Қыздар олай-бұлай жұбатып көрді, бірақ, Айдын нәр татпағалы аптадан асты. Тек қара суды ғана


 


талғажу етті. Шөптей солды. Ақ жүзі қарауытып, қара шашқа ақ түсті.


-Не болды сонша, басың аман, денің сау! Өмірің алда ғой! Өзің зорлап үйлендіріп тұрсың, несіне жылайсың! Тілеп алған аурудың емі жоқ!-деп Бәтес ұрысты.


-Әлі де Мәдиге айтайық, Айдын көнеді деп. Өлесің бе, қайтесің?-деді Саида да қосыла жылап.


-Жоқ, айт-па-а...-деді сүлдеге айналған Айдын, қабыршақтанған ерні тілім-тілім жарылып,-айт-па-шы.


-Онда, іш мына бір пиала сүтті, іш! Әйтпесе, қазір барып, Мәдиге де, Тұрдыға да дау жасаймын. Көтер басыңды!


Айдын бетін теріс бұрды, ішуден бас тартты.


Айдынның анасы Бәтес пен Саидадан «Өзі аман ба? Неге күйінеді сонша?» деп сұрады. «Апа, уайымдамаңыз, аман» деді қыздар. Анасы сүткенжесінің қасына келді.


-Апа, мен енді ешкімді сүймеймін. Енді соның суретімен өмір сүре-мі-ін,-деп жылады Айдын.


-Жарығым - Айдыным! Ақ қозым-ау! Сені өмірге әкелген мен емеспін бе? Мен сенің осы жатысыңды көру үшін өсірдім бе? Басың аман болғанына шүкір! Не көп, дүниеде жігіт көп, түкке тұрмайтын нәрсеге сонша күйінбеші, қозым. Ішің күйіп кетті ме, мына бір пиала ағарғанды мен үшін іше ғойшы,-деп анасы қолы қалтырай кесе ұсынды.


 


Анасын аяған Айдын төсектен басын көтеріп, бетін ащы жас тіліп,бұрын-соңды ішпейтін сүтті тауысты. Бұл – үйіне келгелі ішкен асы. Суық тер маңдайынан бұрқ етті.


 


 


Үй емес, үйім - айдала,


Гүл деген шөп пе жәй ғана?! Бал дәурен қайда кешегі?


Бір демде қалай көшеді? Жүректің жақұт жасынан, Жастықтың оты өшеді.


 


Тілегім өзің болып ең, Басыма бақ боп қонып ең,


Іштарлық –күншіл жолымен,


Тағдырдың сараң қолымен, Маңдайыма жазды кім?


Не деген қалың Сорым ең?


 


 


Айдын осы жатысында Нақыштың, Датқаның, Өркеннің қалай күйзелгендерін түйсінді. «Басқа түспей, білмессің» деген осы екен. Арман-ай, Мәденім, шынымен-ақ арман боп қалғаның ба-а?» деп егілді Айдын.


 


 


Еркелеу өркені едім бір ананың, Әперген Айдан басқа сұрағанын.


 


Екі апта жатқаныма төсек тартып, Батпай ма саған ерте құлағаным?


 


Өле алмай күттім.Үнсіз жатқаның не? Қосақтап махаббатты атқаның не?


Мен қалай енеді екем риза болып, Қоймаған өз қолыңмен жат қабірге?!


 


Төсекте ой кеміріп қуарамын, Осындай нәзіктікпен туар ақын. Сөйлеші ең болмаса телефоннан,


Мен тірі болсын десең, сұранамын.


 


Жан анам, ақ жүрек қып неге тудың? Белімді адалдықпен неге будың?


Адамдық ақ сызығын аттай алмай, Айналдым жемтігіне сайтан-қудың.


 


 


...Айдын екі аптадан соң қалаға оқуына оралғанда, Жаңабек те,Жігер де,Асқар да,Әбдіжаппар да, Тілеген де, Мұхтар да, Коля да, Темір де, Ғабит те,бәрі де келіп, сәлемдесті. Тек, Тұрды ғана келмеді.


Бір мезгілде дәлізден естілген аяқ дыбысы Мәдиді еске түсірді. «Мүмкін емес» деді Айдынның ішкі ойы. Бірақ, есік алдына тоқтаған аяқ «дыбысы» толастап, аздан соң есік қағылды.


-Мәди шақырып тұр,-деді Жанат.


 


-Айдын, келдің бе? Қалайсың?-деп қол ұсынды,- сені «Қашан келеді?» деп асыға күттім.Жүдеп кеткенің не соншалықты? Жүрегің жақсы ма?


-Жақсы. Өзің?


-Аздап серуендеп келсек, қайтеді?


-Серуен?! Бола ма?!


-Жүрші,-деді Мәди, - неге болмасын!


Екеуі тротуарда келеді, Мәди қыз қолынан әдеттегідей, тағы да жетектеді.


-Айко, шешетін кезге жеттік-ау... Біз... мен сенімен қалғым келеді. Не дейсің осыған? Айтшы, жаным, ойланып айтшы...


Айдын кө-өп үнсіз жүрді.


-Мен... бәрін біліп тұрып, қалай...


-Ондай қыздар көп қой,Айдын. Мен одан өз ісіме кешірім сұрадым. Жездем де сені таңдап отыр. Неге сен біреуді ойлайсың, неге? Мені қиясың ба?


Айдын ойға кетті. Тұрдының алдына қойған мақсатына жеткенін, Ғабиттің сөз тасып «алып


қашады» деп айтқанын есіне алды. Егер айтпағанда, бұл білмей күндегідей «серуенге» шыққанда,тағдыры қосылар ма еді? Біліп тұрып, қалай «Иә» дейді бұл?


Мәдидің сүймейтінін біле тұра, Раушанның оған күйеуге шығатынына таңданды. «Мәди мен айтсам, ол айтса бәрін тыңдап, өзгере бере ме? Өз басымен,жүрек қалауымен нақты бір шешім жасамай ма?» деп Мәдиге іштей ренжіді. Расында, бұл оның Мәдимен тұңғыш


 


және жалғыз түсініспеушілігі еді. Ғабиттің «Жездесіне Раушанды ақылдасуға кетті» дегенде, жездесі:


-Жігіттер, нанды, құранды, махаббатты тебуге болмайды. Раушандікі –есеп іс; Айдындікі –ерлік махаббат. Оған тәуету керек!-деп шешкенін білмейтін.


-Өй, жезде, таза қызға тимейік,бүлдіргенімізді алайық тә!- деп Тұрды шыр-шыр еткен.


-Ол қыз обалы кімге екенін өзі біледі. Бізге Айдын


келін болуға лайық,- деген-ді жезде.


Айдынға «Раушан туралы ақылдасу» сөзінің


соққысы атылған оқтан кем болмай, төсек тартқызып, жанын өлтіргенін кім сезді? Достық бетпердесіндегі қарау Тұрдының ұйымдастырған жездесіне сапары өзі туралыға ауысып кеткені, Айдынды қолдап шыққаны да жұмбақ еді. Сол өзгеріс-жағдайларды «жанды телеарналар» Айдынға Мәдиден бұрын келгенде неге хабарламаған деші! Неге? Ал,Мәдидің Айдынды іздеп үйіне баруын Тұрды «Әдепсіздік, ұят болады» деп тежегенін де енді естіген-ді. Екі аптада:


 


 


«Мен қалай енеді екем риза болып, Қоймаған өз қолыңмен жат қабірге?»


 


-деп қиналып жатқанда, бұл Тұрдының ықпалында жүрген бе? Раушанды жайына қалдыруды шешім етіп тұрып, менің халімді білуді ойламағаны қалай? Егер


 


Раушанмен қалуды шешсе, мені іздемегені дұрыс еді. Сонда, Мәди Тұрдының жетегіндегі...»


-Мені ұмыт,-деді Айдын,-біреудің көз жасына бақыт тұрмас. Сенің бар болуың, сенің арманыңа жетуің – маған қанағат,-деді.


-Ол менің арманым емес,мен оны сүймеймін...


-Сенбеймін саған. Сен ешкімді де сүймейсің! Мәди көзіне жас алды, Айдынды құшты, сүйді.


Бірақ, қыз сілейіп тұра берді, қояйын десе де бөтен де болса қыз намысын жыға алмай, қырсықтығы ұстады.


Жүрегі жыр тербетті.


 


 


Ұмыт дедім.


Сен мені ұмыт дедім, Кім береді бақытын күліп тегін?


Ару құшқан құшақтан үмітті едім. Кері өзгерді пейілім саған деген, Сұп-сұр болып, өзіңе таман келем, Ішке зорға қайтады бұлыт-демім.


 


Тұлпар текті болмас па жігіт деген? Мен өзіңнен солай деп үміттенгем. Ер мұраты ертекпен шенеседі, Жұмбақ сырға толғанмен келешегі,


«Күш-жігерім жетпеді» демес еді. Ұмыт дедім.


Сондықтан «Ұмыт» дедім,


 


Тұлпар текті жігіттен үмітті едім.


 


***


 


 


-Бүгін той, Мәди Раушанды әкетеді ауылына,-деді Ғабит хабарлы сөйлеммен,-Мәди қызды өзі келсін деп бармай отыр. Фатасын да, көйлегін де қыз өзі әкеледі екен...


Айдын үндемеді.


-Әне, сол-ау келе жатқан? Иә,Раушан ғой...І-і,келді.


Айдын сыртта сөмкемен келе жатқан жалғыз қызды көріп, таң қалды.


-Тойға көптен бері дайын екен үйі,-деді Ғабит,- группаны қанша үгіттесем де Мәдидің тойына баратындар шықпады. Даже, бөлмедегілер де түгел емеспіз, Тұрды, мен, Жаңабек үшеуміз ғана. Ұят қой бармағанымыз, иә? Коля мен Жігер «бармаймыз» деді. Сен... Айко, барасың ба, әкетейік?


Мәдимен 5 жыл бірге өмір өткізген Айдын басын шайқады, жатақхананың оқу залына бір өзі беттеді.


 


 


***


...Бұл   бөлме   Ғайшаны,   сосын   Гүлнәрді   ұзатты.


Екеуіне де Айдын «қыз жолдас» болды.


Бір жаманы – Ғабиттің тойында Тұрды мен Коляның ерегісіп, жағаласып қалғаны еді. Себебін ешкім анық білмеді.


 


Айдынды биге шақырған Коля онымен сыбырлай сөйлесті. «Айко, абайла! Анау Тұрды шакалға сеніп қалып, жеке шықпа, жарай ма? «Осынша уақыт қасында жүріп, оны біреуге беріп қоямыз ба? Өзіміз...» деп оттап... Екеуміз төбелесіп қалдық» деді.Айдынның есіне бірінші курстағы Жаңабектің айтқан теңеуі түсті.


«Ұл бала деген – қасқыр, абайла» деген-ді.


-Сендер ше?


-Біз бауыр сияқты боп кеттік қой.


-Біз –қызтекеміз,- деп қыт-қыттаған Тұрды.


«...Сонда... Тұрды –шакал, басқасы бауыр болғаны ма? Қасқыр да ұялас жолдасына қастық жасамайды деуші еді-ау.Жолдасына қастықтан басқа не ойлаған бұл? Жыртқыш та болса қасқыр–текті. Біз–Алаш баласы «Көк қасқырдың ұрпағымыз» деп мақтан тұтамыз! Тұрды өлексе мен жемтік іздеген аң, дүние- нәжісті домалата жинауға жаралған қоңыз болғаны ма? Жақсылық пен дос пейілді бағалауға да түйсігі жетпейтін әтеш сияқты расында. «Шакал!» деп Коля оны бекер жек көрмегені ме? Сын сәтте кімнің кім екені анықталады екен-ау» деп ой түйді Айдын.


Айдын көңілінде Тұрды келбеті, болмысы, достығы осы кейіпте қаза болды. Осылай қоштасты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу