Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  126


Автор: Баян Тіленшина

ҚАЙЫМ – АЙТЫС

«Ша» деген жалғауы мен де құда,
Күшейіп кетіпсіз-ау бүгін жүдә!
Құда боп, төрге озып отырған соң,
Көтеріп назымызды бір күн шыда.
Айтайын жырымды да, сырымды да,
Қыстамас арақ іш деп бұрымдыға.
Буынсыз жерге пышақ салма деген,
Ұлылық сөзі бар ғой бұрынғыда.
Ішпеймін арағыңды, өкпелеме,
Ішкендер ішпегенді жек көре ме?
Атамның қасиетті асы емес,
Басымды уламаймын көктемеден.
Ішкізу – құрметтеудің белгісі ме?
Жараспас былду-сылду ер кісіге.
Өз өзін билей алмас, масаңдарды,
Келмес-ау құдашаның көргісі де.
Құдеке, әнің қайда, әнің қайда?
Айтатын аталы сөз, дәнің қайда?
Одан да биге шақыр, бойды сілкіп,
Билейік, бойкүйездік жалындай ма?
Аттады босағаңнан құдаша қыз,
Көнесіз айтқанына шыдасаңыз.
Тауып көр тілімізді, үндемесек,
Ән салар құдаша қыз ұнасаңыз.
Ат екен «құда» деген қасиетті,
Әр адам ұрпағына бас ие етті.
«Құдаңды Құдайыңдай сыйла» деген,
Сондықтан, қадірлейміз өсиетті.
Әкімдер қонған үйге ат байланған,
Ақындар енген үйге бақ байланған,
Құданы мың жыл бойы сыйласаңыз,
Қорқыңыз ақын-қызды қақпайлаудан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу