Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  80


Автор: Баян Тіленшина

Абайды соққан қазаққа, Орынбасар, не өкпе?

ОҚО-ң 70 жылдық мерейтойына орай өткізілген ауданаралық айтыста 22 ақынның ішінде І-о р ы н алған,Сайрам ауданы атынан айтылған 1-жауап сөз


Қазақтың барыс жерінің,
Жүрегі болған Оңтүстік.
Өлеңшөп мінез келіннің,
Жыр елі болған Оңтүстік.
Үш жүз алпыс бес күннің,
Үш жүзінде тоңбайсың.
Күн ыстық, ыстық жан сырдын,
Бейнесін гүлдеп сомдайсың.
Қозғалыс берген алып Күн,
Көзімен тура қарайды.
Аталы сөзді халықтың,
Ордасы деп санайды.
Ай қабақ ана, ай тұлға,
Ай алақан, айқындаБұл елдің жылы мейірін,
Тіл жетпес түптеп айтуға.
Айдарлы 70жасыңда,
Қыдыр жүр дәйім қасыңда.
Қасиет қонған топырақ,
Айнала бер асылға.
Оңтүстігім-киелім,
Жаралды сенен сүйегім.
Қадіріңді білгеннен,
Тіршілікті сүйемін.
Аз ғана кетсем шалғайға,
Сезімім саған самғай ма?!
Бауырым, бүйрек, миымды,
Топырағың тартып, жалғай ма?
Шашуын шаштым тойыңа,
Сайрамның сансыз бабының.
Себейін иман бойыңаДәстүрдің кәусар ағынын.
Ассалаумағалейкум,
Той тойлаған ағайын!
Түсініктер бар талай мың,
Тілектестерді табайын.
Орынбасар, армысың?
Ер қалай? Түгел бармысың?
Сезінткен иісін әкенің,
Көтерген жүкті нармысың?
Төлеби бабам аймағын,
Ұйыған елдің қаймағын.
Ата-салт сақтап жүрмісің?
Білімдар, қалай жайларың?
Оқыдым жазған хатыңды,
Атапсың көп- көп атымды.
Мектептің қазір науқаны,
Бір іске бір іс шатылды.
Бір түгіл екі мектебім,
Елде-күз, менің көктемім.
Біріне енші бердім де,
Балалар үйін бөктердім.
Сөге бір жамандамашы,
/Ішінде адам аласы/.
Біржан сен болсаң, боларсың,
Мен - Баян, жоқ-ау таласым.
Тағдырға әркім бағынар,
Берсін де маңдай бағы бар.
Жүз рет өлсе, кей бейбақ,
Мың жасайтын тағы бар.
Ұятсыздың күні күнде өлім,
Өзінің білмес міндерін.
Тобықтан төмен жүргендер,
Білерсің басты күндерін.
«Һайт!» десең жөнер желөкпе,
Тиеді бұтақ не терекке.
Абайды соққан қазаққа,
Орынбасар, не өкпе?!
Ой шеңбері тым алыс,
Әр үйге аты Қуаныш.
Жан- жағын жұмақ жасаған,
Айтаханов – осы ағам.
Қу сүйекке таласқан,
Иттерге қабу жарасқан.
Мысықтілеулілерді,
Күйдірмей ме бағы асқан?
Өмірдің түзеп ағысын,
Өткірленсін тағы сын.
Көп адам тауық боп кетер,
Азғынның шоқып тарысын.
Орнатып достық тұрағын,
Лаулатқан білім шырағын.
Қуаныш ағам мың жасар!
Қанды ма, ақын, сұрағың?
Келіпсің Көмешбұлаққа,
Ұнатпасаң, ұнатпа.
Көмештің біліп тарихын,
Ұялып қалма бірақ та.
Жер үшін аттап сызықтан,
Қанды көз Жоңғар қызыққан.
Қазақтың ұлы - сен түгіл,
Бағасын алған бұзықтан.
Тіккізген орда Көмешім,
Бал бұлақты тегешім!
Топырағын сыйламай,
Тіркестедің неге сын?
Басында бағы бес елі,
Қасымбек өткен деседі.
Билердің биі--төбе би,
Тіленші өткен кешегі.
Сәулелеген сананы,
Сейітжаппар дананы,
Айтанды туған топырақ,
Қалайша жаман саналды?
Мақтанып айтар елесін,
Молдияр туған Көмешім.
Ақсақал, Керім, Нұрлан бар...
Атасам, жүздеп тересің.
Құрманбек, Сәбит, Ошатты,
Ой- есің қалай босатты?
Өмірбек ғалым өнген жер,
Ғалымдар ерткен оншақты.
Клуб пен кітапхананың,
«Обедінде» келдің бе?
Клубсыз елді санағын,
Айтпай-ақ қойсаң ...дің бе?
Бұғып кеп, бұғып кетіпсің,
Бұзылған үйден өтіпсің.
«Әшшалау!» десең қайтеді?
Конвойың бар-ау, әй-тегі?!
Тығылып араласаң да,
Кір іздеп, қараласаң да,
Шақырмасаң бармаймын,
Қыз жолы нәзік қашан да.
Өз үйін тапқан жетім бар,
Өз университетім бар.
Осындай аудан көрдің бе?
Орталық алаң--бетім бар.
Лоторея ойнаттым,
Өмірді солай қайнаттым.
Қызықсаң, жасап берейін,
Рахметіңді көрейін.
Бір жеттік егемендікке,
Еркін ой-өріс, теңдікке.
Ұтылдың неден? Не ұттың?
Ең басты күрес сендік не?
Қайткенде гүлдеп, өсеміз,
Қайталанбай кешегі із?
Өмір-күрес,
дегенмен,
тумайды қайта шешеміз.
Айтылады сөз көптен:
Ағайын таптым өзбектен.
Алтын бау-бақша өсірем,
Қолыма алып жез кетпен.
Сайрамнан айтсам ақпарат,
Тарихқа толар ақ парақ.
Сын айту салтын сындырып,
Әкімін ақын жақтамақ.
Қап-қара түнек таң алды,
Сөз етпес ешкім жаманды.
Қуатты тектер бұзады,
Құрсаулы темір қамалды.
Азамат дерсің ой бағар,
Іске асты арман ойда бар.
Әр жыл сайын мамырда,
Фестиваль тойы тойланар.
Сайрамның сансыз баптары,
Беймәлім, мәлім аттары.
Рухтары бүгін оянып,
Тілдесіп елмен жатқаны!
Соққылап мәңгүрт сабырды,
Жезтаңдайлар қағылды.
Толқыған теңіз-халықтан,
Інжу де маржан табылды.
Мың бір түн сырын тауысар,
Сағынған жандар қауышар,
«Туған жерге тағзымда»
Он сегіз жасқа ауысар...
«Балалық саябағы» бар,
«Ардагер бағы» тағы бар!
Сайрамның азаматтары,
«Төс белгісін» тағынар.
Ұраны- «Сайрам-елім» деп,
Қырық бір кие көлім деп,
Сайрамның әрбір ұл-қызы,
Өзгеден ерек көрінбек.
Жеті атасын білмегенЖетесіз өскен ұлмен тең.
Сөз асылын жинайды,
Көңілі ояу жыр- мерген.
Сөйлемей әркез бай ұлы,
Өшпегей кедей шайыхы,
Рухани байлық болмаса,
Қазақтың тоқтар қайығы!
Қағазға түскен өлмейді,
Көз көрмей, көңіл сенбейді.
«Сайрамның сансыз баптарын»-
«Шежіре» тарих тербейді.
Кітаптар жаздым осындай,
Көп ауданға тосын жай.
Артында белгі қалған жөн,
Ақбөкендей жосылмай.
Жақсыдан жайсаң із қалар,
Жібитін тіпті мұз жанар.
Иассауи өскен Сайрамнан,
Үлгі алсаң, кім бар қызғанар?!
Заводтар «Живмаш» жөнделді,
Түзеттік артық-кемдерді.
«Денсаулық жылы» пәк анам,
Ардагер тегін емделді.
Үш жылда салдық он мектеп,
Мектептен өсті жыр көктеп,
Әр жылы қызға тағамын,
«Алтын белгі» құрметтеп.
Биліктің құрған төбесін,
Тексіздің сөккен көбесін,
«Мәртөбедей» төбем бар,
Белгітасы жебесін.
Қаймықпай ың-зың масадан,
Жасадым биыл жас алаң.
Хан Абылай қасқайды,
Шыға келіп тасадан.
Әр ненің болжап шамасын,
Жаланың ақпен таласын.
Түйсініп тұрған тас мүсін,
Қуаттар Қуаныш баласын.
Нарықтық мына заманда,
Нан табу керек адамға.
Барыңды жүрсең базарлап,
Орынбасар, жаман ба?
Базар бар жерде байлық бар,
Базардан салық, айлық бар.
Біз жүрміз сөзді базарлап,
Айтарың болса, айтып қал.
Әлеуметтік жағдайдан,
Бірінші орын--тұғырым.
Мойындарсың! /Әй, қайдам?!/
Жұмысымның мығымын.
Ақсудың суы аз емес,
Көбейген кезі көргенің.
Үйрек емес, қаз емес,
Білмеймін неден шөлдедің?
Ақсудың суы аз болса,
Қысатын таудан өзіңсің.
Үйрек ұшып, қаз қонса,
Қуанар еді-ау көзім шын.
Өмірдің жарты сағасы,
Әйтеке биім--нағашы.
Нағашы жұртын ойламас,
Қыз болмайды-ау, шамасы.
Бұлақтың көзін ашқаның--
Сауапқа қадам басқаның.
Бастауын судың молайтсаң,
Қажеті жоқ басқаның.
Белесін астық бір қырдың,
Он жылда не іс тындырдың?
Егемен елдің ұлысың,
Қай мұратқа ұмтылдың?
Кемшілік болса мойында,
Айта ғой өзің жайында,
Орынбасар, сөзіңді ал,
Ұмтылма бірақ сойылға.
Төркінінің қонағы,
Қыз деген – Қызыр болады.
Қызырға қарсы дау айтып,
Қандай адам оңады?
Қыз деген-кие, бүлдірме,
Ашуың қысса-білдірме,
Бірақ та маған жағам деп,
Қисық сөз іздеп «күлдірме».
Айтатын саған жұмбағым:
«Не нәрсе ердің шын бағы?»
Сөзіңді жинап, топтап айт,
Нам болма шөлейт құмдағы.
Найзағай оссын дүркіреп,
Сүзіссін ойлар сіркіреп.
Сусаған қалың еліме,
Нәр болып жаусын нұр тілек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу