Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  71


Автор: Баян Тіленшина

Жүректен тамған...

Өзеннің жарты сағасы,
Өмірдің нұры –нағашы,
Сүйегімді сындырды-ау,
Тексіздердің табасы.
Күреске қызды таңдаса,
«Жігітпін» деуі –далбаса!
Ошақта бықсу не керек,
От болып лаулап жанбаса!
Санасында жоқ дарын –
шошаңдатар шоқпарын,
Суырдым қылыш! Бірақ та,
Қандауға қимай тоқтадым.
Бұл өмір неткен күресін!?
Жылайсың, қайта күлесің.
Ителгіні танып боп,
Сұңқардың парқын білесің.
Бетіңе қарап күлетін,
Ит-адам шықты үретін.
Етекте жүрген есерсоқ,
Түсінбес Шындық жүрегін.
Жинап қойған ұятты,
Катализатор сияқты,
Мен жүрген мына ортадан,
Дәл осындай күй ақты.
Көрмеңіз құқай мен көрген,
Сегіз ай кештім сергелдең!
Тайғанақ табан тірі көп,
Сұрадым медет өлгеннен.
Кеудеге толса жын-шайтан,
Қорықпайды екен Құдайдан.
Күншілдердің сезімі,
Артпайды қасқыр -ұпайдан.
Апанын аттап қасқырдың,
Ар туын сізге тапсырдым,
Қолымда байлық, билік жоқ,
Ымдай алман астыртын.
Бере ме жүкті нар үшін?
Күрестім намыс, ар үшін,
Көп досым тауық боп кетті,
Азғынның шоқып тарысын.
Ақынға тосар азабын,
Абайды соққан қазағым!
Жүректен тамған қаныммен,
Шағым-хат сізге жазамын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу