Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  72


Автор: Баян Тіленшина

Кейде

Үлкен Жердің тоқтағандай жүрегі,
Кейде күндер кібіртіктеп жүреді.
Сандуғаштар саялаған сезіммен,
Кейде жаным тек жылауды тіледі.
Тіршіліктің бар қызығы біткендей,
Келешек тек ажал аузын күткендей
құлазиды кейде сәби көңілім,
Қаусап қалған әруақ қарттық жеткендей.
Кейде Уақыт тоқтау судай – жәй ғана,
көлкілдейді:
Тақыр саздай айнала.
Кейде шаттық шалпылдатып шалшықты,
Сазды әуенмен жыр айтады айдала.
Туыс-достың, бейтаныстың, бәрінің,
Қуанышы, жастығы боп кәрінің.
Жер бетінде ұшып жүргім келеді,
Ғұмыр бойы, жеткенінше әлімнің.
Асау сезім арындайды кей кезде,
Жартастармен жағаласқан толқындай.
Көрінеді: Бар сөздердің бәрі езбе
Жолаушының сансыз жүрген жолындай.
Еш ақынға қанағат жоқ кей кезде,
Жырға сусап, шөліркеймін даладай.
Жыр жазудан жоқтай бақыт кейде өзге,
Жүрек тулар тыныштықты қаламай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу