Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  75


Автор: Баянғали Әлімжанов

МҰСТАФАНЫҢ МҰҢЫ

Азаттық оттан ыстық кез туыпты
Отанға алыстағы ел көз тігіпті.
Қарсы алды атамекен аңсап келген
Ардақты ер Мұстафа Өзтүрікті.
Сарабдал санасы мен сабыры жоқ
Әсіре әңгіме мен әзілі көп
Ағайын мадақтады Мұстафаны
Теңдессіз таэквондо тәңірі деп.
Ұлы өнер таэквондо корейдікі
Кеудесін бастырмаған өр елдікі,
Әлемнің неше дүркін жеңімпазы
Өжет ұл Өзтүріктей өрендікі.
Біреулер аяқ созып бәлдене ме,
Кісіні тепкілеуді сән көре ме?
Зерделеп таэквондо пәлсәпасын
Құрдасым Мұстафадай мән бере ме?
Өрелі, өр болмаса Мұстафаға
Өзге елде дәп алтыншы дан бере ме?
Ер екен сөйлемейтін қосып жалған
Естіп ем көзбен көріп экраннан,
Ерекше сезілетін өнегесі
Ескінің жол-жобасын тоқып алған.
«Ризамын түсім өңге айналғанға
Көк байрақ бәйтерекке байланғанға,
Алайда жан мен сана азаттығын
Алғанша әңгіме көп ойланғанға,
Рахмет, әспеттеп-ақ жатырсыздар
Миымыз мақтауменен майланған ба?
Бірақ та болмайды ғой ешкімді де
Теңеуге тәңірі мен пайғамбарға!
Әрине, ағайынның тілегі ақ қой,
Аңқылдап жайып салған жүрегі ақ қой.
Тек қана тәңірiге теңеу-күнә,
Жаратқан хақ тағала біреу-ақ қой!»
Бұл сөзді қоғам қалай саралады,
Білмеймін, өзгерді ме бағалары?..
Сарғайтып сағындырған сар даланы,
Мұстафа емін-еркін аралады.
Жанары жүрген сайын нұрланыпты
Мұстафа ой барыпты, қыр барыпты,
Қонаға бір қалада бір жігіттер
Қойнына бүлдіршіндей қыз салыпты.
Үрпиіп, үні шықпай үрке басып,
Қыз кепті түн ішінде күркені ашып,
Жан емес жамандыққа қиятындай
Секілді ертедегі ерке ғашық.
Келсе де келгеніне қиналғандай,
Өзінен жиіркеніп ұялғандай,
Қазақтың ай сәулелі ару қызы
Жүзіне жердің мұңы жиналғандай.
Ақшаға алпауыттар жалдады ма,
Қорқытып я болмаса алдады ма?
Жалданса жан талғамас бейбақ па екен,
Тағдырдың мойын сұнған жазғанына.
Қисайса қыз тағдыры-халыққа сын,
Халық қайтсін-арши ма балық басын?
Ерді ме әзәзілге бейкүнә жан
Тұрмыстан тауқіметті тарыққасын?
Заманда орындалған ата арманы,
Қорлықтан жұртым неге аса алмады?
Кездесті қонақ үйде қараңғыда
Қазақтың жезөкше мен қаһарманы.
Мұстафа шошынды да ыршып тұрды,
Ерінін күйінгеннен қыршып тұрды,
Қыз бейбақ бір уыс боп бүрісіп тұр
Шамасы жоқ жаралы шымшық құрлы.
Сұмдықтан өне бойы қалтырады,
Сөнгендей үмітінің шам шырағы,
Тыныс ап таэквондо тәсілімен
Тарлан боз тілге келіп, хал сұрады.
«Қандасым, қарындасым, қаракөзім,
Ән де өзің, жүректегі жара да өзің,
Қалайша түстің мұндай суық жолға
Пәк едің, намысты едің, саналы едің?!
Шетелде көрмесем де қорғалап күн
Қадірін білем құрмет, оң қабақтың,
Сағынып келгенімде туған елді
Мен қайтіп қарындасты қорламақпын?!
Құм қылған жігерімді, амалымды
Қайтейін мына қиғаш заманыңды...»
Құшақтап маңдайынан иіскеді
Оңына бастай гөр деп қарағымды!
Қыз байғұс бөтен оймен келген еді
Намыстан өртенсе де өлмеп еді,
Қаны бір қазағымның қызы еді деп,
Аяған ағаны әлі көрмеп еді.
Қарайтын қайран қалып жұрт қызығып
Ажары үлбіреген күрт бұзылып,
Тереңнен өксігендей күрсінгенде
Бір моншақ қара көзден түсті үзіліп,
Тамғанда қолына ыстық қыздың жасы
Күйзеліп, егілді іштей күшті жігіт!
Алыстан шын жанашыр аға кепті,
Алақан табын оның ала кетті,
Жас жүрек тәубаға кеп жолын тауып
Жарар ед жеңіп шықса бәлекетті!
Жеткенде ұлт азаттық арманына
Сұмдықтың ашылған ба жолдары да,
Қор болып көрінгенге қазақ қызы
Қорғансыз ашық-шашық қалғаны ма?
Өзінің қарындасын өзі сатып
Жігіттер жеңгетай боп азғаны ма?
Масайрап, мазақ қылып мұңлықтарды
Тағдырын табанына салғаны ма?
Ұрпағым адаспа деп айтып кеткен
Не дейміз ата-баба аруағына?!
Асатын азаттықтан бақ бола ма?
Бір қазақ бір қазаққа жат бола ма?
Қауышып ата жұртпен мауқын басты
Адамға бұдан ыстық шақ бола ма?
Бас иген туған жерге Мұстафаның
Ішінде бір мұң кетті-ау аттанарда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу