Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  80


Автор: Майлықожа Сұлтанқожаұлы

ҚАСЕКЕ, ХАЛЫҚҚА ДƏУЛЕТ АМАНЫҢЫЗ

Қасеке, халыққа дəулет есеніңіз,
Серкедей қатты күнде көсеміміз.
Есітіп алыс жерден жаңа келдім,
Айығып жазылды ма кеселіңіз?
Қасеке, жазылды ма қабағыңыз,
Ауырған дақ боп кетті тамағыңыз.
Ханға қарсы сөйлеген ердің ұлы,
Тұлпардан сіз бір қалған жабағымыз.
Сұм дүние, не ерлерді жазым еткен,
Заманның қысы қалып, жазы кеткен.
Біз көруде екі-үш ісің артық болды,
Жұрт мақтаған Қожабек, Қазыбектен.
Нешеулер жете алмай жүр қолын соза,
Бүгінде өзің тұрсың халықтан оза.
Əзіреті Омар дін ашқан секілденіп,
Қойылды уақытыңда арақ-боза.
Жүзіңіз жермайындай таза піскен,
Сыныңыз ұстынға ұқсар ұста пішкен.
Сыртыңнан ныспы – атыңды кеңес қылып,
Жүреміз жақсылығың біліп іштен.
Бəріңнен нəубетпенен өтті дүние,
Əрқайсысын небір жалғыз салып күйге.
Арығы мен жер-суын аралаған,
Ақылыңа рахмет айтады Əсіл биге.
Əсіл би асып өткен нəубетінде,
Елде жоқ ондай қылған сəулетінде.
Əр жылда мың ер мас боп қалтаңдайды
Бір шалдың өліп кеткен дəулетіне.
Өз əкең қалған екен жастай жетім,
Халық айтар көрмедім деп дидар бетін.
Бір шыққан Маман би мен Құдайменде,
Іс қыпты өшірмекке жүрек отын.
Ауылдан кемге көнбей безіп жүріп,
Қоқандының ордасында кезіп жүріп.
Қайырып қайратымен халқын апты,
Қайраты ақылынан озып жүріп.
Өшір, тіпті өшіремін деген отын.
Ісінің байқапты хан берекетін.
Талпынып он бесінен он сегізге,
Орнымен алған екен үкіметін.
Бірталай сарпайларды жапқан Қоқан,
Жиылған шеп озады қалың ұлпан.
Ауылға ап келмеген екен сонан,
Атқа артқан сарпайдан жалғыз шапан.
Қасында қос көтеріп шапқан кісі,
Сарпайды есебі жоқ жапқан кісі.
Он мың жылдық азық алады екен,
Көңіліне бір бүтін жаққан кісі.
Атымтайдай датқа еді сері болып,
Қазыбек дүние жиды сөрі17 болып.
Қасеке, қалыпқа тура ер боп шықтың,
Бірден əрі, əріден бері болып.
Жемеп ең жетімдердің несібін де,
Ашылар əбүйірсіз тесігінде.
Қайратты соны Құдай қылып еді,
Ақыры тепкі жеді есігінде.
Сиқым жүрді сырт беріп Жаныспенен,
Ашына қашық тартты таныспенен.
Ұрысты көңілің сүймей біраз жүріп,
Амалсыз атқа мініп ең намыспенен.
Замана қарусызды қош көрген жоқ,
Атаулысы ұрының бос келген жоқ.
Елемес пен Майрықтың жұрағатын,
Ешкім елеп, болсын деп ескерген жоқ.
Тарбансаң тау құлайды тулағанда,
Барлық жан налуың жоқ шулағанда.
Əсілдің əулеті деп кім қорқады,
Қасымбек, өзің асыл тумағанда?!
Қасеке, жүз жылғаша жүргін тірі,
Толады келбетіңе көздің нұры.
Азық алса, сізге аз ояздық ел,
Жүрсің де көп болыстың болып бірі.
Қасеке, бағың озып, ақылың артты,
Кім есіне алмайды сіздей мəртті.
Астыңа алысқанда бір-бір түсіп,
Арқасы шаң болған соң бойын тартты.
Қасеке, халыққа жүрсің қаладай боп,
Көркейер келген жерің даладай боп.
Ажырап күнəңізден тұрдыңыз ба,
Анадан жаңа туған баладай боп.
Қасеке, халықтан оздың жалғыздай боп,
Келген кесел түнейді жалбыздай кеп.
Құдай сүйген құлына кесел беріп,
Көңілге тəубе-таупық салғызады кеп.
Қасеке, халыққа мəлім көсемдігің,
Кəтте əкімге сөз тауып кесірлігің.
Сүзек ауруды ескермей тымау депсің,
Бұл ақымақтың ар жағындағы есерлігің.
Көрінуші ең жалғыз өзің тоғыздай боп,
Кеселден азып қапсың қобыздай боп.
Сəлем берсем, кейіп-кейіп кетіп ең-ау,
Тоғанды аралаған доңыздай боп.
Сонда Қасымбек «қой енді, былжырама, сұрағаныңды
ал» дегенде, Майлықожаның айтқаны;
Өлеңнен өрнек болған біздің нұсқа,
Өкіметтен өрнек болған Сіздің нұсқа.
Қаршығаңның жұлдызы ыстық екен,
Көрген соң қызып кеттім қызыл құсқа.
Əлеумет, бұл сөзімде ерсі бар ма,
Асырып, сақтап айтқан терісі бар ма?
Қадірім көп Қасекеме деп жүруші ем,
Дос-дос па, байқап қалды-ау ер сынарға.
Жігіттің жамалады малмен досы,
Мал қисайса жоғалар жалған досы.
Айта алмасам армандай боп көрінді,
Қасеке, енді арызымның болғаны осы.
Сонда, Қасымбек сұраған құсын алып кеп беріп, қолына қондырғанда айтқаны:
Қасымбек, жүзің жарқын туған айдан,
Көзіңіз асыл екен құралайдан.
Сөзімді қабыл алып, құс бердіңіз,
Еске алғын халық көргендей биялайдан.
Болдыңыз құсты бізге беретұғын,
Қоңыраттар қып-қызыл боп еретұғын.
Бір биялай беріңіз, жығауыл бау, тұғырымен,
Таңырқап жақсы адамдар көретұғын.
Айтамын мəслихат қып сөзімізді,
Көргенде сүйінгендей көзімізді,
Ақын мендей, жақсы адам сендей болар,
Енді сайып ықтияр өзіңізде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу