Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  453


Автор: Майлықожа Сұлтанқожаұлы

КЕЛІНЖАН, ТЫҢДА СӨЗІМДІ

(Беташар)
Құлақ салып тыңдап тұр,
Келінжан, менің тілімді.
Айтқанымды ұғарсың,
Егер де болсаң білімді,
Өзім айтқан сөз емес,
Осылай деген бұрынғы,
Бұрынғылардың бəріне,
Бұл насихат қылынды.
Үлкен адам келгенде,
Орныңнан тұрып сəлем бер,
Алмасын адам сырыңды.
Ерте тұрып отын жақ,
Ерініп жатпа төсекте,
Мезгілсіз келген ұйқыны,
Өзіңе жақын дос етпе,
Өзің жатып еріңе,
«Тұрсайшы» – деп пеш етпе,
Жаңа түскен жас келін,
Жақын болар өсекке,
Қатынға кəрі айып жоқ,
Мінсе де теріс есекке.
Баршаңызға айтамын,
Бір өзіңе кес етпе,
Кеш болғанда кейін жат,
Бұрын жатпа еріңнен,
Ата-енеңді жауып сал,
Ісіңді қой ерінген,
Жылына дейін ескеріп,
Сынайды сені көрінген.
Бұрынғы күнің – балалық,
Қатарға енді қосылдың.
Келген соң туған жеріңнен,
Дүниеңді, сірə, бүлдірме,
Мал тапқандай тегіннен.
Бір-екі жыл өткен соң,
Үлкен-кіші адамның
Ісі болмас сенімен.
Орныңнан тұрып сəлем бер
Жастары үлкен кəріге,
Шамаң келсе ізет қыл,
Үлкендердің бəріне.
Келін боп келдің бұл елге,
Бұрынғыдай қарама,
Толықсыған сəніңе,
Отырған жерден тұрмасаң,
Кейбіреу кейіп кетеді,
Қарамай ажар-əріңе.
Бар айтқан сөзім бұл емес,
Құлақ салып тыңдап тұр,
Сөзім бар айтар əлі де.
Ықыласыңмен қызмет қыл,
Құдай қосқан еріңе.
Күле сөйлеп жауап бер,
Еріңнің айтқан сөзіне.
Оңаша үйге барғанда,
Жақын отыр шеніне,
Күйеуің үйге кіргенде,
Қағып төсек салып бер
Отыратын жеріне.
Үлкен емес, кіші емес,
Қосылдың міне теңіңе.
Тұратын болса киіндір
Киімінің бəрін əперіп,
Белдігін байла беліне.
«Құтты» – деп жібер еріңді,
Баратұғын жеріне.
Орамал емес, бөрік емес,
Бастағы киген киімің,
Ақ жаулық салып басыңа,
Еркектің жатып қасына,
Қыз атын қойып, əйелдің,
Істейтін болдың қылығың,
Қаршыға болдың қанша жыл,
Енді барар жерің жоқ,
Қонатын осы тұғырың,
Отырған адам көзінше,
Бой-басыңды қасыма,
Жаулығыңды шұбалтпай,
Дұрыстап ора басыңа,
Бастаңғы, ұрлық істемей,
Береке кіргіз асыңа,
Қайныңды қатты ізет қыл,
Қарамай үлкен-жасыңа,
Жасы құрбы екен деп,
Жаманмен болма ашына,
«Мырза келін десін» – деп,
Əркімге берме шашыла,
Бүлініп дүниең кетсе де,
Сөйлеме кейін ашына,
Аузы-басың сүйреңдеп,
Өсек сөзді тасыма,
Өтірікті əдет қылмағын,
Сөзіңді сөйле ырасына,
Көйлегіңнің астынан,
Жүрмесін шығып балағың,
Қоншыңа салып жүрмесең,
О-дағы бостық салағың,
Жалаңаяқ қыдырып,
Мінезін қылма баланың,
Біреу бір сөз сұраса,
Дүңк етіп жауап берместен,
Ашылып тұрсын қабағың,
«Оның несін айтты?» – деп,
Кеуліңе, балам, алмағын,
Алысқа кет ауылдан,
Шыққаныңда далаға,
Үйге жақын отырып,
Ұқсама кемпір, балаға,
Ұзап барып алысқа,
Отырғайсың панаға,
Басыңды жоғары көтермей,
Тығып отыр жағаңа,
Кім екеніңді білмесін,
Сыртыңнан көрген жамаға,
Айтар сөзім жəне бар,
Құлағың салып тыңдасаң,
Ия, болмаса қояйын,
Аяғың шыдап тұрмасаң,
Халықтың бəрі зерігер,
Таң атқанша жырласам,
Ертеңге шейін таусылмас,
Əзілімді қойып шыңдасам,
Тасқыным келіп кетеді,
Қыз-бозбала құрласаң,
Айтпай-ақ енді қояйын,
Өзгелерден жасырып,
«Қойыңыз» – деп ымдасаң.
Жиналған барлық жамағат,
Қой дейді ғой келінім,
Болмайды енді тынбасам,
Менің берген алғысым,
Алғаныңмен екеуің,
Қоса ағарып, мың жасаң.
Келінге бата беріңдер,
Осы отырған халайық,
Тыныштық алсын келін де,
Бəріміз де тарайық.
Үйді-үйімізге барайық,
Келінжан, енді қолың жай,
Көптен бата алайық,
Көп дұғасын қабыл дер,
Осынша көптен бата алмай,
Неғылып құр қалайық?
Жиналған барлық жамағат,
Ықыласыңмен бата бер,
Қолымызды жаяйық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу