Өлеңдер ✍️

  16.07.2022
  70


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Заманның мынау қалпына қарап...

Заманның мынау қалпына қарап,
Аһ ұрдым, тағы түңілдім.
Кетсе де барлық салтымды тонап,
Келмейді бордай үгілгім.
Қаңғыбас иттер көшеде толған
Қоқыстың маңын аңдыған.
Қақаған қыста қалтырап, тоңған
Кісілер де бар қаңғыған.
«Боласың,- дейді,- халыққа тіреу» -
Сығанның қызы бал ашып.
Мүсіркеп жатыр сүт беріп біреу
Мысыққа жүрген жаны ашып.
Таланттар нағыз болғанда ғаріп,
Жан бағып тойда әншілер,
Жүретін бұрын көңілді тауып,
Бас сұқпай кетті көршілер.
Көтеріп көкке көрсетер өзін,
Даңғаза мақтан керек пе?!
Көбейіп кетті шайтанның сөзін
Сөйлейтін ақын желөкпе.
Айтқанға көніп, «Жарайды!» дейді,
Қазақтың көңілі көл-көсір.
Сол шайтан кейде орайды дейді
Молданың тартқан сәлдесін.
Ашқалы жастан көзімді тырнап,
Шындықты деп ем жазамын.
Шайтанның сөзі кетті ғой былғап
Алланың әппақ қағазын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу