Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  106


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Көңіліңнен шыға алмасам, кешір мені, жан-ана,

Көңіліңнен шыға алмасам, кешір мені, жан-ана,
Оралмадым жалаңаяқ табанымның ізі қалған далаға,
Жаным менің шырқырады ауға түсіп тосыннан,
Балықтайын қуырылған шоққа қойған табада.
Шынжыр табан трактордың соқасының кеткен жауып тозаңы,
Кешір мені, әруақтарға мекен болған ата-баба мазары.
«Аман сақта ошағымды!» – деп тіледім Тәңірден,
Төңкеріліп кетпесін тек тіршіліктің қайнап жатқан қазаны.
Бала кезден бірге құрған бұл өмірдің жоспарын,
Кешір мені, құрдастарым, жолдастарым, достарым!
Жем түсті ме аяғына,
оза алмады ұлан-асыр бәйгеге әкеп қосқаным,
Көрген түстей қапелімде барады өтіп мына жалған қас-қағым.
Фәни-дүния, өткінші өмір, қалдым көріп талайын,
Қу мен сұмға, шайтан, жынға толы болды маңайым.
Айтарымды айта алмасам, түзу жолда қайқаңдасам,
Сегіз өрім қамшыменен тартып жібер, ағайын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу