Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  78


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Айтпасам да ар жағын...

Көзі жетпей айта ма
Сырқат адам сауға мін,
Сабыр қылып жүре ме,
Жетегінде тәубаның,
Есер кісі біле ме
Бастан бақтың ауғанын,
Көкке қарап көре ме
Аумалы бұлт жауғанын,
Кім біледі ішінде
Не жатқаның дорбаның,
Уайымсызға түбінде
Жұқпас деме сор қалың.
Өшіре ме өртіңді
Тартқан суы қауғаның,
Баса алар ма дертіңді
Болғаның мен толғаның.
Кім сыйлайды кезбені,
Болмаса егер салмағың,
Ойланта ма өзгені
Күйгенің мен жанғаның,
Бір кірпіші жетпесе,
Үгітілер қорғаның.
Маңдайдан тер төкпесе,
Орындалмас арманың.
Аққу құс боп оңа ма,
Жұбы болса қарғаның,
Қолда қадір бола ма,
Кем болса бір бармағың.
Түсінерсің, қарағым,
Айтпасам да ар жағын...
Көтересің, қалай да,
Құдай басқа салғанын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу