Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  158


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

БІРЛІККЕ БАСТАР БІР АЛЛА

Он бес пе, өткіздік пе жиырмасын,
Ғасырлар, бізден өте қиырдасың.
Сарнауға тілің келмей мелшиесің,
Сары құм көмейіңе құйылғасын.
Ұғатын ұлдарың аз әр тіліңді,
Кемің мен біле алмай тұр артығыңды.
Дегенмен, сені де біз мақтан етер
Күн шығып, қазақтарға таң түрілді.
Күн шығып, ұлы дала есінеді,
Жинады етек жауып, есін елі.
Алдында бір Аллаһтың есеп берсе,
Құлдарын кеш болса да кешіреді.
Көз алда тұрмаса да жиған мүлік,
Қалмаймыз жүрек сезсе, мидан бүгіп.
Түркістан, таратылған сенен жарық,
Аллаһтың сөзі – нұр боп имандылық.
Тірліктің имандылық тиянағы,
Баулитын балапанды ұядағы.
Алласы жүрегінде болған адам,
Жіберген қатесінен ұялады.
Таратқан сол иманды жүректерге,
Не жетсін, Түркістанды жыр еткенге?
Ұрпағың тарихыңды қолына алды,
Тұп-тура бір мың бес жүз жыл өткенде.
Елдіктің күні көкте күлімдеді,
Түркістан, түркілердің діріл-демі.
Аллаһ деп сенің сергіп, сілкінгенің,
Рухыңның деп білемін тірілгені...
Тірілу – түлеп ұшу баспалдағы,
Қырандай қанат қағып аспандағы.
Түркістан, сенің тойың ғасыр басы,
Ұюдың нағыз ұлт боп басталғаны...
Айғаймен топ-топ болып төбе кілең,
Дәметіп, көп «құдайдың» көмегінен.
Алданып қанша заман азып келдің?
Су ішіп көксоққанның көнегімен.
Сырларды сүйсінейік біліп тілсім,
Бөлетін басымызды бүлік құрсын!
Түркістан, сенің тойың бар қазақты,
Басқа емес, «Бір Аллаһ» – деп біріктірсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу