Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  62


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

МІНӘЖАТ

Уа,күнәһар құлыңмын,
Кеше гөр өзің Жаббарым.
Жүрегім, жүйкем, болмысым,
Нәпсінің жаққан оттарын.
Арыла алмай күнәдан,
Арманда жүрген пендеңмін.
Хақ Тағала өзіңе,
Ғибадат етіп сенгенмін.
Ойларым ойран ойсырап,
Сананы жаулап сан сұрақ.
Шабақтап түйреп жүрекке,
Найзасын заман шаншымақ.
Қорқаулар жыртып тәнімді,
Азуын қанға малшымақ.
Шеменге толып шер кеуде,
Жүрегім жатыр қансырап.
Шарайна көзім шартарап,
Күнәні жүрміз арқалап.
Шашылып көздің моншағы,
Шарадан асып тамшылап.
Шерменсе жүрек шеменмен,
Шешілер кім бар хал сұрап.
Күнәһар жүрек кірлесе,
Жуатын кәусар бұлақ бер.
Ғибадат еттім Жаратқан,
Ғибрат алар қуат бер.
Дінім менің ислам,
Дініме иман ұялат.
Жап-жарық мына ғаламға,
Жасата көрме қиянат.
Жүрекке жағып ұран-от,
Ұрапғым өссін,ұлан ет.
Ұлтымның ұлық үлгісін,
Сіңіріп бойға ұлағат.
Отаным-ордам,орманым,
Қазыналы қойма қорғаным.
Бақыттың тіккен байрағын,
Жерімді туған аман ет.
Қордалы қамба,қор малым,
Елімді туған аман ет.
Жеріме жағып шырақ от,
Жаратқан Ием Құдірет,
Өзіңе еттім ғибадат.
Тегім мен ділім,дінімді,
Ұрпаққа тапсыр мұрағат.
Санаға сәуле бере гөр,
Жаратқан Ием керемет.
Өзіңе еттім мінәжат.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу