Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  183


Автор: Аманғали Ербозұлы

Жүрегімдесің, жан аға!

Тауға да соғып ұрынған,
Тасқа да соғып ұрылған.
Тынымсыз мынау ғасырда,
Тынымсыз болып туылған.
Найзағай болып көк тілсең,
Нұрыңнан сәуле суырған,
Өлеңнен нөсер төктің сен,
Ақ жаңбырыңа жуылған.
Тойынбас сері көңілдің
Тоятын таптым жырыңнан.
Өзіңді кейде жоқтаймын,
Басқадай менің жоқ қайғым,
Есіме түсіп кеткенде,
Үйіңе жетіп тоқтаймын.
Қақпаңды бірақ қақпаймын,
Басқадай менің жоқ қайғым.
Өзегі бітіп, тартылған,
Арнасы кеуіп сарқылған,
Кеудесін керіп күпініп,
Мәреге жетпей алқынған.
Өресі жетпей талпынған.
Жасық жыр жазса бәз біреу,
Өзіңді іздеп шарқ ұрғам.
Етпес пе ең оған мейірім?
Ақиқат, бірақ кеюің.
Ие боп жалған атаққа,
Жантайып жатса кей інің,
Етпес ең оған мейірім!
Мәуелі жырға құмарсың,
Надандар қайдан ұға алсын!
Шабытың симай кеудеңе,
Бозала таңда тұрарсың.
Тұрарсың-дағы тұнарсың,
Тірліктен сауға сұрарсың,
Қайтып кел, аға, өмірге,
Қайың боп өскен шығарсың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу