Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  73


Автор: Шабаз Иманалиев

ЖЫЛҚЫШЫ ДОС

Уақыт, сірә, алданыш етпек нені?
Зырылдап өтті жылдар мектептегі.
Бітірдік екеуміз де үздік оқып,
Әйтеуір, он жылғы еңбек тек кетпеді.
Ауылда болмаса да мүлгіген бақ,
Өспедік құпия сыр, күлкіден жат.
Жақсы арман, уыз тілек бірге айтысып,
Жүрген дос қыздарға да бір қырындап.
Ашуым бармаса да көпке менің,
Осы жолы саған шындап өкпеледім.
Жаныма қатты батты оқу іздеп,
Менімен бірге аттанып кетпегенің.
Бұл өмір шыңдаған ғой жанды мықты,
Қайсарлық сусынымен қандырыпты.
Кеттім мен оқу іздеп,
Сен – жылқышы,
Боп қалдың қарыңа іліп тал құрықты.
Тағдыр жоқ қыспағына ап түнерген,
Ләззатын жақсы күннің таптың өрден.
Жастықтың сырларына ортақ едік,
Мен болдым алғаш саған хат жіберген.
Бақыты жанған өршіл еңбегіңнің,
Отанға ұсыныпсың сен де гүлін.
Газеттен көріп сенің суретіңді,
Қуанып, шадыманмын мен де бүгін.
Отырсың бұрынғыша қайсар күліп,
Жүзіңде бұрынғыдай байсалдылық.
Өзіңді мақтан етем, елін сүйген,
Жан досым, жылқышы дос, жайсаң жігіт!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу