Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  165


Автор: Ғали Орманов

ТАУ СЫЙЫ

Тянь-Шаньның шықтым салқын биігіне,
Бөленген моншақ түстес түрлі гүлге.
Сүйкімді сонша өзіме жібек жайлау
Шомылған жазғы шуақ жылы күнге.
Биіктер балбыраған, қары да еріп,
Бəрін бір орап алған балғын керік.
Шуылдап сайда бұлақ, құзда құсы,
Жайылған қаптал тола малы да өріп.
Секілді сол суреттер тұтас біткен,
Селкеу жоқ сипатында қиыс кеткен.
Шалғайда шыңға жəне жарасып тұр,
Манаурап баурын төсей бұлттар шөккен.
Жалғыз-ақ, жан шүйгіген осы шақта,
Көз салсаң жамыраған тас бұлаққа;
Жалтаңдап бір-біріне қарай-қарай,
Байқайсың айрылғанын екі жаққа.
Беттейді бірі Нарын, бірі Шуға,
Тағдыр жоқ олар қайтып табысуға,
Анадай тау да соған еңсей қарап,
Құлағын тосады ұзақ дауысына...
Көрем де сонда таудың ажымдарын,
Оқимын жырға толы əр жылдарын;
Көкорай өлкелерді елестетем,
Балауса жалғасындай əр жылғаның!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу